Әке қадірі. Әке сұсы. Әке айбыны. Әке сесі. Осылай біраз жерге дейін тізбелеуге болады. Әлем халықтарының қай-қайсысында да аналар ерекше құрмет пен қадірлеуге ие. Әрі бұл ешкім шәк келтіріп, «ой, бұл орынсыз» дей алмайтын аксиома, жазылмаған, бұлжымайтын заңдылық. Әр дәуір тынысына және түрлі діни, қоғамдық ұстанымдарға қарай, күнделікті күйкі тірлік тұрғысынан алып қарағанда, әр елде әйел затына деген қарым-қатынас, құрмет пен сый әр алуан сипатқа ие. Сол сияқты әке мен оған деген көзқарас пен қарым-қатынас та осындай алуандыққа ие. Осы айтқанымызды аздап бөлшектер болсақ, әрбір ел, әрбір ұлттағы жеке-жеке отбасылық құндылықтар тұрғысынан келгенде ережелер мен ұстанымдар одан әрмен бөлшектене түседі.
Бірақ біз осы тұста назарымызды әкелерге бұрсақ. Өз еліміздегі. Қазақ өз алдына хандық құрған тұстан қайтсақ та біраз әңгіменің басын қайыруға болады. Тегінде қазақ қоғамында патриархалдық құрылым үстемдікке ие деп жатамыз. Тұтастай алғанда солай.
Ал, жеке-жеке отбасыларға келсек, кесімді тұжырым айта алмай, желке қаситынымыз ақиқат. Неге? Біріміз жеке тұлғаны – нәті жуас жігітті немесе адуынды көкбет әйелді яки аюдай ақырған еркек пен көнбіс әйелді кінәлап жатамыз. Енді біріміз құлашымызды кеңінен сермеп, жоғарырақ қарап, қоғамдық құрылымды, үстемдік етіп, билік жүргізген әр дәуірдегі өкіметті айыптаймыз. Кешегі өткен бабаларымыздың тұсында «анандай болыпты, мынандай болыпты» деп жатамыз. Таяқтың екі басы барын бәріміз білеміз. Бір басында жеке отбасының өзіндік ұйысуы, түсінісуі, қадірлесуі тұрса, екінші басында сол отбасы өмір кешіп жатқан мемлекеттегі жүргізіліп отырған саясат пен идеология тұрады. Әрине, осынау шағын мақалада айтылмақ ойымыздың бүткіл ықпыл-жықпылын тарқатып тастаймыз демекші емеспіз. Десек те, қазақ қоғамы басынан кешірген қоғамдық формациялардың ішінде, әсіресе, кеңестік дәуір мен қазіргі, тәуелсіздік алғаннан бергі, кезеңді ерекше атауымыз керек. Осы жерде тілімізге мынадай тұрақты сөз тіркесі еріксіз оралады: «Самарқанда бір апам бар, менен де өткен сорақы». Кеңестік дәуір еркек пен әйел тең құқылы деп, ұлттық менталитетіміздің іргесін қақырата сөгіп, құндылықтарымыздың орындарын алмастырып жіберді. Жаратылыстық жағынан келгенде де, діни тұрғыдан да, ұлттық салт-дәстүр қағидасы тұрғысынан келсек те қанша күшенгенмен жымдастыра алмайтын ер мен әйелдің өзіндік табиғи орындары мен ерекшеліктерін, жерді бульдозермен тегістегендей етіп, теңшеп тастадық.
Тәуелсіздікпен бірге қол жеткізген көптеген игіліктеріміз, қаншама мәнді де мағыналы құндылықтарымыздан көрер көзге айырылып бара жатқан да жайымыз бар. Оны көру үшін жәй көз жеткіліксіз. Көкірек көзі керек. Жеке мемлекет ретінде отауымызды тіккеннен бастап батыстан тасқындай енген, өзіміз бейсаналы түрде, ұрандата енгізіп жатқан сорақылықтар тасқынынан қайтсек қорғанамыз? Қазақтың ең бірінші кезекте бас қатырар мәселелерінің алдыңғы сапында тұратын сұрақтардың бірі – осы.
Тоқсаныншы жылдардың алашапқынында жұмыссыз қалып, оттың басы мен ошақтың қасында қалған ер-азаматтарымыз – Әкелердің бәсінің мемлекет пен қоғамды былай қойып, бала-шағасының алдында жүзі төменшік, ісі көткеншек болып қалғаны жасырын емес. Гендерлік саясаттың да мән-мазмұны дұрыс бағытта насихатталмай, сыңаржақ кеткенін көзіміз көріп отыр.
Таразының басы енді ғана шын теңелгендей ме, қалай өзі?! Көңілде тұрған дүдәмал – әкелердің шектелмек былай тұрсын, мүлдем ескерусіз қалған құқықтарына сәл де болса назар аударылатын болды ма деп күмілжітеді. Өйткені, еркек қыңқылдай бермейді ғой.
Осы әңгіменің бәрін тоқ еткізіп тұжыра салсақ – осы кемшіліктің орнын толтырғандай етіп, үкіметіміз биылғы жылдың 31-мамыры күні «Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндер тізіміне» түзетулер енгізген қаулыны жария етті. Сонымен, мерекелік күндер тізіміне жаңадан екі мереке күні қосылды: Аналар күні – мамырдың екінші жексенбісі болса, маусымның үшінші жексенбісі – Әкелер күні. Аталған толықтыруларды енгізуге Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бастамашы болыпты. Ведомствоның пікіріне қарағанда, әлемнің көптеген елдерінде аталып өтілетін ресми мерекелер санатына қосылған бұл екі мереке отбасылық құндылықтарды кеңінен насихаттауға, отбасы және отбасылық тәрбие институтын нығайтуға мүмкіндік бермек. Ылайым игі істер игілікке бөлей берсін халқымызды!
Үкіметтің бұл қаулысы осы жылғы маусымның 6-сы күні күшіне енді.
Бейбіт ТӨЛЕГЕНҰЛЫ