Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумының пленарлық отырысында сөз сөйлеп, геосаяси шиеленістер, жаһан экономикасының беталысы, ғалам климатының өзгеруінен Орталық Азия елдеріне төнетін қауіп-қатерлер туралы айтты. Тоқаев әсіресе осы кезеңде адамзат тап болып отырған сын-қатерлердің ішіндегі ең қиыны – климаттың өзгеруі екеніне баса назар аударып, халықаралық қауымдастықты Халықаралық Аралды қорғау қорын қолдауға көбірек қаржы бөлуге шақырды.
“Орталық Азия бұл қатерлерге қарсы тұру үшін алғы шепте болады. Ғаламдық ауа температурасының 2050 жылға қарай 1,5℃-қа көтерілуін сәтті түрде шектей алғанның өзінде, Орталық Азия елдерінде температура 2-ден 2,5 ℃-қа дейін көтерілуі мүмкін. Бұл біз өмір сүретін ортаның траформациясына, нақтырақ айтқанда шөлге айналуына, одан кейін тіршіліктің жойылуына әкеліп соқтырады. Сондықтан барлық сын-қатерге дайын болуымыз керек”, – деген Президент осымен байланысты су ресурстарының жетіспеушілігі үлкен мәселеге айналатынын ескертті.
“Орталық Азиядағы қуаңшылық пен су тасқынынан келетін шығын жалпы ішкі өнімнің 1,3 пайызы деңгейінде деп бағаланады. Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі 30 пайызға дейін кеміп, 2050 жылға дейін климаттың себебінен аймақта 5 миллионға жуық ішкі мигрантттың пайда болуына әкеп соқтырады. Біздегі мұздықтардың көлемі қазір 30 пайызға қысқарды. Аймақтағы екі үлкен өзен Сырдария мен Әмудариядағы су деңгейі 2050 жылға қарай 15 пайызға түседі. Біз аймақтағы экологиялық апаттың алдын алу үшін Халықаралық Аралды қорғау қорын қолдауға көбірек қаржы бөлуге шақырамыз” деді Қазақстан президенті форумға қатысушыларға қарата.
Су мен климаттың өзгеру мәселесі өзара тығыз байланысты. Орталық Азия – су қауіпсіздігін сақтау тығыз әріптестік және бірлескен тиімді шараларды жүзеге асыру арқылы ғана шешілетін аймақ.
Аймақтағы климат және өзге де мәселелерді талқылау үшін мен Алматыда Орталық Азия елдерінің жобалық кеңсесін құруды және БҰҰ секілді халықаралық ұйымдарды тарта отырып, 2026 жылы Қазақстанда Аймақтық климаттық саммит өткізуді ұсынамын.