«Алтын» доп ұлттық мектеп лигасының жеңімпаздары «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына арнайы барып, Алтын адам тарихымен танысты.
Жуырда Есік қаласында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының ұйымдастыруымен баскетболдан ұлдар арасында «Алтын доп» жарысы өткен еді. Онда еліміздің түкпір-түкпірінен келген 5-6 сынып оқушылары бақ сынады.
Жарысқа барлық командалардың тыңғылықты дайындалғаны бірден байқалды. Әдемі ойын өрнегін көрсетіп, жанкүйерлерін тәнті етті. Балалар жеңіс тұғырынан көрінуге бар күшін салды. Нәтижесінде түркістандық оқушылар жүзден жүйрік шығып, «Алтын допқа» қол жеткізді.
Жеңімпаз команда «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында болып, жәдігерлермен жіті танысты. Қасиетті Түркістаннан келген жас өрендер Сақ бабаларымыз мекендеген киелі жердің тарихына үңіліп, рухани ләззат алып, марқайып қайтты.