«Алтын орда» базарында сауда орнындағы заң бұзушылықтар жөнінде тексеріс жұмыстары жүргізіліп, құзырлы мекеме қызметкерлерінің қатысуымен жиын өтті.
Тексеру жұмыстарына облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаев, ҚР сауда және интеграция министрлігінің сауда комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айдар Әбілдабеков, Ішкі істер басқармасы, экологиялық тергеп-тексеру басқармасы, мемлекеттік кірістер басқармасы, сондай-ақ сауда саласындағы мамандар мен санитарлық сала қызметкерлері, ветеринарлар қатысты.
Бүгінде «Алтын орда» базарында 7000 сауда орны тіркелген. 15-20 мыңға жуық сатушы қызмет көрсетеді. Күніне кем дегенде 50 мың тұтынушы келетін базар төрт ірі сауда орнына бөлінген.
Тексеру тобы «Алтын орда» базарын аралап, халықтан түскен шағымдарды ескеріп, сатылымдағы өнім құнына назар аударды. Делдалдардың араласуымен базардағы тауар бағасы шарықтап кеткені айтылды. Жиында осы мәселе жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ, базардағы заңсыздықтың көбі шетелдік азаматтардан болып отырғаны анықталды. Олар қонаққа келген виза арқылы сауда орнын жалға алып, осында кәсіп бастаған. Соның кесірінен салықтан жалтарғандар көбейген.
Жиын барысында мемлекеттік органдардан тұратын штаб құрылды. Ендігі кезекте, барлық саудагерлер мен тұтынушылар және өзге де базардағы жұмысшылар заңсыз әрекет байқаса, бірден штаб жұмысына жүгіне алады.
– Базардағы баға ашық болуы тиіс. Тіпті, сауда орнына кіретін құннан бастап, сауда жасау кезіндегі қаражат көлемі айқын болуы керек. Біз естіген мәселенің ең өзектісі – заңсыз ақша жинау. Қарапайым сатушылар базар аумағына енген тауар белгілі құнынан бірнеше мәрте өскенін де жиі айтуда. Делдалдар қызметі де қызып, баға шарықтауына әкелген. Осы орайда біз барлығын зерттейміз, тиісті мамандар тоқтаусыз тексеріс жүргізеді, – деді Сауда комитетінің төрағасы міндетін атқарушы Айдар Ахметбекұлы.
Айта кетейік, биыл 30 мамырда ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен республикадағы ірі сауда орны – «Алтын орда» базарындағы өзекті мәселелер талқыланып, жауаптыларға тиісті тапсырмалар жүктелген.
Құралбек Сәбитұлы
Қарасай ауданы