Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысындағы орман өртінде қаза тапқан орманшылардың отбасыларына, туған-туыстарына көңіл айтып, елде қаралы күн жариялады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Ресми ақпаратқа қарағанда, бүгін Мемлекет басшысы Абай облысына жұмыс сапарымен барып, өртті сөндіру шараларының барысымен танысты. Өртті сөндіру бойынша құрылған арнайы штабтың отырысын өткізіп, қаза тапқан орманшылардың туыстарымен кездесті.
“Бұл – бүкіл халқымыз үшін үлкен қасірет. Еліміздің қайғысы. Бекем болыңыздар. Орны толмас қайғы екенін түсінемін. Сіздерге жан-жақты көмек көрсету жөнінде Үкіметке тапсырма бердім. Үкіметке немесе маған жеке өтініштеріңіз болса, айтыңыздар. Барлық өтінішті орындаймыз. Қаза тапқан азаматтар қайтып келмейді. Бірақ өмір жалғасады. Осы қайғылы жағдайға кінәлілердің бәрі заң бойынша жауапқа тартылады. Дүйсенбі күнін еліміз бойынша Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияладым. Біз қаза тапқан азаматтарды еске аламыз. Сабыр сақтап, бекем болыңыздар. Құқық қорғау органдары мен министрліктер тарапынан болсын, барлық сала бойынша тиісті шаралар қабылданады. Қазір кеңес өткіземін. Бұл жағдайдан міндетті түрде тиісті қорытынды шығарамыз», – деді Мемлекет басшысы.
Орман өртін сөндіру кезінде әуелі үш орманшы қаза тапқан. Кейін 11 орманшы із-түзсіз жоғалып, кеше олардың мәйіттері табылғаны хабарланған. 11 маусымға қараған түні экология министрлігі қаза тапқан 14 орманшының аты-жөнін жариялаған.
Аза тұту күні еліміз бойынша барлық мемлекеттік мекемелерде тулар тұғырының ортасына дейін төмен түсіріледі. Ел аумағында көпшілік мәдени-көпшілік іс-шаралар, теларналарда, радиоларда ойын-сауық хабарлары тоқтатылады.