Абай облысының «Семей резерваты» орман шаруашылығындағы өрттің беті әлі қайтпай тұр. Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, әзірге өрттен елді мекендерге қауіп жоқ.
Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар министрлігі, Орман шаруашылығы комитеті, жергілікті атқарушы органдардан және Қорғаныс министрлігінен 1 800-ден астам адам, 350-ге жуық техника жұмылдырылған.
ТЖМ мәліметінше, пилотсыз ұшу аппараты арқылы аэровизуалды барлау нәтижесінде өрттің Каштак орманшылығынан Семей қаласына қарай бағыт алып, жоғары өрбігені байқалады. Жедел қимылдап, дер кезінде қабылданған шаралардың арқасында өрттің елді мекендерге таралуына жол берілмеген.
Өткен тәулікте өрт ошақтарына әуеден 546 рет, жалпы көлемі 1 500 тоннадан астам су төгілген. Өртті сөндіру жұмыстары басталғаннан бері өрт ошақтарына әуеден 1 323 рет, жалпы көлемі 4000 тоннаға жуық су төгілген.
«Қазгидромет» республикалық мекемесінің деректері бойынша, 14 маусым күні өткінші жаңбыр жауады (жаңбырдың ықтималдығы 60%), найзағай ойнап, дауыл тұрады, солтүстік-шығыстан секундына 15-20 метр жылдамдықта жел тұрады, екпіні секундына 23-28 метрге дейін жетеді деп болжайды.
Абай облысында бірнеше күн бұрын басталған орман өртінен 14 адам қаза тапты. 12 маусымда жалпыұлттық аза тұту күні жарияланып, ел аумағында мемлекеттік мекемелерде тулар төмен түсірілді.
Бұған дейін Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өртті жою және одан зардап шеккен отбасыларға қажетті қолдау шараларын көрсету мәселелері жөнінде кеңес өткен. Жиында қаза тапқандардың отбасыларына «Қазақстан халқына» қорынан 7 млн теңгеден, сондай-ақ кәмелетке толмаған әр балаға 2 млн теңгеден төленетіні белгілі болған.
Бұдан бөлек, қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккендерге қажетті қолдау шараларын көрсету мақсатында арнайы қор құрылды.