Бүгін елордада өткен үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов алғашқы бес айдың экономикалық өсім көрсеткіштерін баяндады деп хабарлайды ҚазАқпарат. Үкімет басшысының дерегінше, бес айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім көлемі 4,5 пайызға артқан.
«Негізгі үлесті өңдеуші өнеркәсіп салалары қосып отыр. Машина жасауда – 32, оның ішінде автомобиль жасауда – 41, локомотивтер мен вагондар өндірісінде 46 пайыз өсім тіркелді. Жеңіл өнеркәсіпте – 31, оның ішінде текстиль өндірісі – 51, киім-кешек өндірісінде 4,8 пайыз өсім бар. Тамақ өнімдерін шығару – 6,5, пластмасса бұйымдары – 7,7, минералды өнім шығару – 4,1, дайын металл бұйымдары 11 пайызға артты. Мұнай өңдеу 3 пайызға өсті», – деді Үкімет басшысы.
Смайыловтың дерегінше, электр энергиясын өндіруде 2,9 пайыз өсім тіркелді. Тау-кен өнеркәсібінде өсім 1,3 пайызды құрады. Құрылыс саласы – 12,1, ауыл шаруашылығы – 3,5, қызмет көрсету секторы 4,9 пайызға артты. Бұл көрсеткіш сауданың – 10,2, байланыс пен ақпараттың – 9,1% және көлік саласының 7,2 пайызға өсуі есебінен қамтамасыз етілді. Кен өндіруді есепке алмағанда негізгі капиталға салынған инвестициялар 19,4 пайызға артқан.
«5 айдың қорытындысы бойынша Абай, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау облыстары мен Алматы қаласында барлық негізгі макрокөрсеткіштер өсті. Ең төмен көрсеткіштер – Атырау және Алматы облыстарында. Осыған байланысты аталған өңір басшылары тиісті шаралар қабылдауы қажет», – деді Әлихан Смайылов.