Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев бүгін түріктің «Ташяпы» компаниясымен өңірде жеңіл рельсті транспорт (ЖРТ) салу жөнінде Меморандумға қол қойды.
Облыс әкімдігінде бұған дейін екі кездесу өтіп, ЖРТ жобасы талқыланған еді. Бүгінгі кездесуде ЖРТ салудың жай-жапсары, Алматы қаласы мен облыс тұрғындары үшін қолайлы әрі тиімді тұстары сөз етілді.
«Ташяпы» компаниясы Қаскелең – Есік – Талғар – Алматы – Ұзынағаш бағыттары бойынша жеңіл рельсті тарнспорт жүйесін дамытуды жоспарлап отыр. ЖРТ ұзындығы 80 шақырым болмақ. Алматы мен Қонаев арасындағы жолды қосқанда 150 шақырымды құрамақ. Халық тығыз қоныстанған Талғар және Қаскелең қалаларында ЖРТ жанында арнайы тұрақ болады. Тұрғындар көліктерін сол тұраққа қойып, ары қарай ЖРТ-мен Алматыға қатынайды. Бұл өз кезегінде қала мен оның маңындағы аудандарда көлік кептелісін азайтады деп жоспарланып отыр. Облыста тұратын 300 мың адам күн сайын Алматыға келіп кететінін ескерсек, қаланың жол инфрақұрылымына түсетін жүктеме азаятыны сөзсіз.
Жобаның жалпы құны қанша болатыны, тартылатын инвестиция көлемі әзірге белгісіз. Компания техникалық-экономикалық негіздемені дайындауға 3 шілдеден кейін кіріседі. Серіктестік мамандарының есептеуінше, айына 3,5-4 млрд теңге кіріс кіреді деп жоспарланып отыр. Билет құны шамамен 500 теңге болады. Тұрғындар жұмысқа барып-қайтатын уақытта ЖРТ 50-100 мың тұрғынды тасымалдайды. Құрылыстың бірінші кезеңі Талғар-Алматы арасында ЖРТ салудан басталады. Қонаев-Алматы жобасы екінші кезекте қаралады.
«Жоба Алматы қаласы мен облыс аумағында жол-көлік жүйесін дамытуға септігін тигізеді. Сонымен қатар үйлесімді-теңдестірілген жол-көлік кешенін құру, «Қала адамдар үшін» қағидатын іске асыру, аймақтың тартымдылығын арттыру секілді мәселелер шешіледі. Құжатқа қол қойылған соң да ақылдасатын мәселелер бар. Сіздердің ұсыныстарыңызға қарай ортақ шешім шығарамыз», – деді өңір басшысы.
Alatau News