Алматы облысында суға батқандар саны азайғанымен, Қазақстанның басқа өңірлерімен салыстырғанда су айдындарында адам өлімі бойынша алдыңғы орында тұр. Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс бөлімінің аға офицері Дидар Асқарбекұлы мәлімдеді.
Оның мәліметінше, профилактикалық іс-шараларды күшейту нәтижесінде былтыр адам өлімі көрсеткіші алдыңдағы жылмен салыстырғанда 22 адамға азайған (немесе 47 пайызға төмендеген), оның ішінде балалар өлімі 46 пайызға төмендеген. Алайда, осыған қарамастан Алматы облысы Қазақстанның басқа өңірлерімен салыстырғанда суға кетіп көз жұмғандар саны бойынша көш бастап тұр.
Көп жағдайда қайғылы оқиғалар адамдардың мас күйде суға түсуінен, азаматтардың шомылуға арналмаған жерлерде суға түсуінен және балаларды қараусыз қалдырудан болады.
“Аудандарда коммуналдық және жеке жағажайлардың болмауына байланысты шомылу үшін белгіленбеген жерлерде демалатын адамдардың саны артып, ол қайғылы оқиғаларға да душар еткізіп отыр. Осыған байланысты, облыс әкімдігі шомылуға рұқсат етілген орындарды 7-ден 44-ке дейін ұлғайту жөнінде қаулы шығару бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Қазіргі уақытта құжат мүдделі қызметтермен келісіліп жатыр” деді Дидар Асқарбекұлы.
Алматы облысының аумағында ірі және ашық су қоймалары өте көп, бірақ ол орындар суға түсуге арналмаған. Тек Қапшағай су қоймасы жағалауында орналасқан коммуналдық жағажайларда ғана суға түсуге рұқсат етілген.
«Шомылу маусымына дейін барлық су айдындарын тексеріп шықтық. Жалпы өңірде 87 суға түсуге қауіпті аймақ бар. Оларға 3 жылдан бері «Суға түсуге болмайды!» деген 400-ден астам белгі қойылған», – деді Дидар Асқарбекұлы.