Бүгін Қазақстандағы ең ірі жол-көлік инфрақұрылымдарының бірі – Үлкен Алматы айналма автожолы пайдалануға берілді. Автожолдың ашылу салтанатына ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин және Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты.
Айналма жол құрылысы осыдан үш жыл бұрын басталған. Жоспар бойынша 2024 жылы аяқталуы тиіс болған. Бірақ, түрік-корей консорциумы негізінде қолға алынған құрылыс қарқынды жүріп, мерзімінен бұрын ашылып отыр.
“Үлкен Алматы айналма автожолы Орталық Азиядағы ең ірі инфрақұрылымдық жоба. Осы жол құрылысы халықтың игілігіне арналғанын атап өткім келеді. Аталған жоба мегаполис тұрғындары мен жергілікті халықтың еркін қозғалуына септігін тигізері анық”, – деді ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, жаңа жолдың ашылуы өңірдің экономикалық дамуына ерекше серпін береді. “Үлкен Алматы айналма жолы Батыс Қытай – Батыс Еуропа транзиттік дәлізінің негізгі тармағы саналады. Алматы қаласы мен қала маңындағы аймақта көлік жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Облыстың инвестициялық және туристік әлеуеті одан сайын арта түседі”, – деді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Автожолдың ұзындығы 66 шақырымға созылған. Құрылыс жұмыстары инвестордың жеке қаражаты есебінде жүргізілгендіктен, алдағы 16 жыл бойы жол инвестордың кепілдік мерзімінде болады.
Аталған жобаны қаржыландыруға Еуразиялық даму банкі де атсалысты. Банктің басқарма төрағасы Николай Подгузовтың айтуынша, жаңа айналма жол «Шығыс-Батыс» бағытындағы халықаралық автокөлік маршруттарын байланыстырып, жүк тасымалын жақсартуға оң ықпал етеді.
Салтанатты ашылу рәсімінен кейін жол бойымен алғашқы автокөліктер легі Қаскелең қаласына қарай жол тартты. Көлік тізгіндегендердің бірі Михаил Драница айналма жолдың жүк тасымалдаушылар үшін тиімді екенін, енді бұрынғыдай кептелісте тұрмай, тоқтаусыз жүруге септігін тигізетінін атап өтті. Халық игілігіне арналған Үлкен Алматы айналма автожолы еліміздің өркендеуіне оң ықпал ететіні анық.