Алматы облысының прокуратурасы 3500 гектар жайылымдық жерді қайтарды. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында егістік аумақтар мен жайылымдарды пайдаланудың тиімділігін арттыру жөнінде тиісті шаралар қабылдауға шақырған болатын. Президенттің тапсырмасын орындау шеңберінде Алматы облысының прокуратурасы Еңбекшіқазақ ауданындағы 3500 гектар жерді қайтарды. Бұл жерлер 2017 жылы Форбс тізіміндегі белгілі кәсіпкерге мал шаруашылығына арналған жерлер құрамынан шығару жолымен заңсыз берілген.
Қазіргі уақытта аталған жерлерді жергілікті тұрғындарға жайылым ретінде беру жойынша жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар, жыл басынан бері жоғары лауазымды тұлғалар мен ірі бизнесмендерге тиесілі 26,8 мың га жер, кадастрлық құны 714 млн. теңге мемлекет пайдасына қайтарылды.
Бұл жерлер жылдар бойы пайдаланылмаған. Жемшөп өсіру жүзеге асырылмаған. Осы шаруашылықтарда бірде-бір мал басы тіркелмеген.