Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда сөйлеп, ауылдарды дамыту және шекаралық аудандар мәселесіне тоқталды. Құрылтай барысында Мемлекет басшысы «Жер шетелдіктерге сатылып жатыр» деген әңгімелердің “жалған екенін” айтты.
«Түрлі дақпыртқа сеніп, жұртты дүрліктіретін жалған ақпарат таратуды доғару керек. Біз бабалар аманатына әрдайым адал боламыз. Шетелдіктерге қазақтың бір қарыс жерін де, бір уыс топырағын да бермейміз. Оны көздің қарашығындай сақтаймыз», – деді Президент.
Бұдан соң Тоқаев Қазақстан, Моңғолия, Қытай және Ресей шекараларының түйісінде орналасқан Катонқарағай мен Марқакөл өңірлері өз алдына жеке-жеке аудан болатынын жариялады.
««Аmanat» партиясы бірқатар шекаралас ауданды қалпына келтіру туралы бастама көтергенін білесіздер. Үкімет менің тапсырмаммен бұл мәселені пысықтады. Мен соған сәйкес Қатон-Қарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандарын қалпына келтіру туралы негізгі шешімді қабылдадым. Әрине, бұған арнайы дайындық керек. Қажетті есеп-қисабын жасап, қаражатымызға, бюджеттің мүмкіндігіне қарауымыз керек. Тиісті жұмыстың бәрін биыл аяқтап, алдағы екі жылдың ішінде осы үш ауданды қалпына келтіре бастаймыз. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан қарасақ та, өте маңызды мәселе. Осы мәселені көпке созбай, шешуіміз қажет. Жалпы, аудандарды қосу немесе тарату ондағы жұрттың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді. Шешім қабылдаған кезде халық саны, экономикалық әлеуеті, инфрақұрылымы түгел ескерілуге тиіс», – деген Мемлекет басшысы өзінің аймақтарды, оның ішінде ауылды өркендету ісіне ерекше мән беретінін баса айтты.
«Былтыр президент сайлауынан кейін ең алдымен ауылды дамыту мәселесіне арналған Жарлыққа қол қойдым. Үкімет алдағы 5 жылда ауылды дамытуға айрықша күш салады. Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Елге еңбегі сіңген көрнекті тұлғалардың басым көпшілігі ауылдан шыққан. Біз елімізді өркендетеміз десек, ауыл мектебінің жай-күйін жақсартуды мықтап қолға алуымыз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның сөзінше, бұл жұмыс «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасының аясында кешенді түрде жүзеге асырылады. Бұған қоса президент мектеп салу, күрделі жөндеу жүргізу және оны жабдықтау жұмысы тиісті деңгейде атқару маңызды екеніне назар аударды.