Ішкі істер министрлігі елімізде түлектердің мектеп бітіруіне байланысты түлектер мен олардың ата-аналарына қоғамдық тәртіпті сақтап, заң бұзбауға шақырды. Министрлікке қарасты polisia.kz ақпараттық порталының хабарлауынша, бұрнағы жылдары мектеп бітіру кештерінде кейбір түлектер заңға қайшы түрлі әрекеттерге барған. Осыған байланысты құқықтық тәртіпті тиісті деңгейде қамтамасыз ету үшін мектептерге полиция қызметкерлері және басшылық құрамнан жауапты адамдар бекітілді. Сонымен қатар бітіру кештері өтетін орындарға жақын
полицияның патрульдік нарядтары орналастырылды, сондай-ақ жедел басқару орталықтарының бейнебақылау камералары іске қосылды. Жалпы түлектердің мектеп бітіруін тойлайтын күндері 7 мыңнан астам полиция қызметкері күшейтілген тәртіпте жұмыс істемек.
“Ата-аналардан және түлектердің өздерінен қоғамдық тәртіпті бұзбауды, жол жүрісі қағидаларын сақтауды, су қоймасына барғанда қауіпсіздік шараларын орындауды өтінеміз. Тәрбиешілер, ата-аналар және кәмелетке толмағандардың басқа да заңды өкілдері іс-шара аяқталғанға дейін түлектерді тұрақты бақылауды ұстауы керек”, – деді ІІМ ӘПК басқарма бастығы Әсет Оспанов.
Полиция мектеп бітіру кештерін тек жағымды естелік қалдыратындай етіп өткізу түлектер мен ата-аналардың өз қолында екенін айтады.
Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, биыл елімізде 172 мың түлек мектеп бітіреді.