Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері шомылу маусымы кезінде адамдардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында күн сайын өңірдің су айдындарында профилактикалық рейд жүргізіп жатыр.
Рейдте қауіпсіздік ережелерін бұзған адамдар жауапқа тартылды. Масаң күйде, тыйым салынған жерлерде шомылғаны үшін 28 адамға 362 250 теңге сомасында айыппұл салынды.
Негізінен мас адамдар, қараусыз қалған балалар және тыйым салынған жерлерде шомылатын азаматтар жазатайым оқиғаларға тап болады. Осыған байланысты, Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті шомылу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтауды сұрайды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бұған дейін Алматы облысында суға батқандар саны азайғанымен, Қазақстанның басқа өңірлерімен салыстырғанда су айдындарында адам өлімі бойынша алдыңғы орында тұрғанын мәлім еткен. Профилактикалық іс-шараларды күшейту нәтижесінде былтыр адам өлімі көрсеткіші алдыңдағы жылмен салыстырғанда 22 адамға азайған (немесе 47 пайызға төмендеген), оның ішінде балалар өлімі 46 пайызға төмендеген. Алайда, осыған қарамастан Алматы облысы Қазақстанның басқа өңірлерімен салыстырғанда суға кетіп көз жұмғандар саны бойынша көш бастап тұр.