Биылғы жылы жарысқа Алматы, Қарағанды, Маңғыстау, Түркістан облыстарынан 9 бен 17 жас аралығындағы ұл-қыздар, сондай-ақ ерлер мен әйелдер (18 жас және одан жоғары) қатысып жатыр. Бүгінде 60-тан астам адам өз яхталарын Қапшағай су қоймасына әкелді. Жарыстың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Алматы облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев қатысушыларға сәттілік пен жеңіс тіледі.
Қатысушылар қатарында желкенді қайық спортынан халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Өмірзақ Жандәулет, Құбаев Берік, Щанкин Владимир, Гаас Антон, Белозерова Яна, Рау Снежана, Ильина Таисия бар. Ұйымдастырушылар мұндай шаралар тек желкенді қайық спортын ғана емес, Қонаевта және жалпы Алматы облысында туризмді дамытады деп санайды.
«Бүгінде біз Қонаев қаласы мен Қапшағай су қоймасын желкенді қайық спортының астанасы деп санаймыз. Биыл өтетін барлық республикалық іс-шаралар осы қалада жоспарланған. Оның үстіне желкенді қайық спортынан Қазақстан құрамасының 70 пайызы Алматы облысының өкілдері, сондықтан бұл су спортының осы түрінен ең жоғары нәтиже көрсетіп отыр. Барлық күш-жігерімізді биыл желтоқсанда Тайландта басталатын халықаралық лицензиялық турнирге дайындыққа бағыттап отырмыз. Бұл турнир қатысушыларына Париждегі Олимпиада ойындарына лицензия ұтып алу мүмкіндік бар», – деді Қазақстан Желкенді қайық спорт федерациясының вице-президенті Мақсұт Нарбаев.
Жарыс бес күнге созылады. 30 маусымда ең үздік он яхташы жүлделерді сарапқа салады.
Alatau News