Күн ысыған сайын өрт қаупі де күшейетіні белгілі. Сондықтан қауіпсіздік шараларын ешқашан естен шығармау керек. Осыған орай Алматы облысы ТЖД қызметкерлері Жамбыл ауданындағы халық демалатын орындарға, шаруа қожалықтарына рейд жүргізіп, сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды. Аталған іс-шараға Қарғалы шекара бөлімшесінің ат патрулі мен полиция қызметкерлері тартылды.
Орман өртінің негізгі себебі – отты пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы. Демалыс орындарында, аң аулау кезінде сөндірілмеген темекі тұқылы, тамақ жасаған орында оттың толық өшпеуінің арты өртке ұласады. Сондай-ақ, орманда бөтелкелер мен шыны ыдыстарды да жиі көруге болады. Күн қатты қызған кезде олар да өртке себепші болады.
«Өрт қаупі күшейген маусымда ормандарда оттың тұтануына жол бермеу үшін:
кез келген ормандарда (қылқан жапырақты және жапырақты), өртеңдерде, бүлінген орман учаскелерінде, шымтезек батпақтарында, ағаш кесу орындарында, кесілген ағаш қалдықтарынан және дайындалған сүректен тазартылмаған жерлерде, шөбі кеуіп қалған алқапта от жағуға жол берілмейді;
жанып тұрған сіріңкені, темекі тұқылдары мен ыстық күлді, шыныны (шыны шөлмектерді, банкаларды және т.б.) лақтыруға болмайды;
аң аулау кезінде жанғыш немесе бықсыған материалдардан жасалған тығындарды пайдаланыңыз, жаз маусымында қоқысты жағуға тыйым салынады», – деп хабарлайды облыстық ТЖД басқармасы.