Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай «Respublica» партиясының Алматы облыстық филиалы және «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің (МҰТП) ұйымдастыруымен екі күндік баспасөз туры өтті. Жалпы саны 30 БАҚ өкілі қатысқан пресс-тур «Шарын шатқалы – Көлсай көлі – Қайыңды көлі» бағыты бойынша ұйымдастырылды. Алатау бөктеріндегі табиғат жауһарларын аралаған журналистер мен өзге де мамандар табиғатты тамашалап қана қоймай, аталған орындардың тыныс-тіршілігімен, жаңалықтарымен танысты.
– Алматы облыстық туризм басқармасының қолдауымен өткен бұл пресс-турдың мақсаты – ақпарат саласының өкілдеріне жақсы демалыс сыйлап, құрмет көрсету, ішкі туризмді дамытуға үлес қосу. Мереке қарсаңында табиғатты тамашалап, тынығып қана қоймай, туристік аймақтардың жұмысымен, қызмет сапасымен танысқан журналистер тазалық, өрт қауіпсіздігі, жол салу, электр желісін тарту, мобильді байланыспен қамтамасыз ету сынды өзекті мәселелерге қатысты сауалдарына жауап алды. Бұл орайда «Көлсай көлдері» МҰТП-ның директоры Елнұр Мұхаметжанұлы мен директордың орынбасары Әділхан Әшкейұлы бастаған парк қызметкерлері, «Шарын» МҰТП-ның экологиялық ағарту және туризм бөлімінің басшысы Максим Акрамов тілшілер қауымының сұрақтарына жауап берді, – деді ұйымдастырушы, «Respublica» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Жарас Ниязбек.
БАҚ өкілдері алдымен аты аңызға айналған «Шарын» шатқалына аялдады. Оны аңыз деуге негіз бар. Себебі мұндай ерекше каньон әлемде екеу-ақ. Бірі – біздің Шарын, екіншісі – АҚШ-тың Колорадо штатында орналасқан «Үлкен каньон». Алматы облысында экологиялық, тарихи-ғылыми, эстетикалық табиғат байлығын қалпына келтіру және сақтау мақсатында ұйымдастырылған парктің аумағы 127 мың гектардан асады. Ұйғыр, Еңбекшіқазақ, Райымбек аудандарына созылып жатқан шатқалдың бойымен Шарын өзені ағып өтіп, Ілеге құяды.
– Бұрындары аймақта мүлде байланыс болмады. 2021 жылы бұл мәселе шешімін тапты. Қазір емін-еркін қоңырау шалып, ғаламтор қызметтерін пайдалануға болады. Туристерге қолайлы жағдай жасау үшін экотуризмді дамыту бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, Шарын шатқалында инвестор «QazaqGeography» республикалық қоғамдық бірлестігі арнайы отыратын орындар, бақылау алаңдарын, қоқысты бөлек жинауға арналған экоконтейнерлер орнатып, туристерге қажетті әр алуан қызмет көрсететін визит орталық салды. 2023 жылдың 22 наурызында салтанатты түрде ашылған визит орталықта тамақтанатын орындар, дүкендер, арнайы ақпараттық бөлім бар, – деді «Шарын» МҰТП Экологиялық ағарту және туризм бөлімінің басшысы Максим Акрамов.
Парк қызметкерлерінің айтуынша, бұл орталық ашылғалы туристердің саны артып келеді. 2023 жылғы 6 айлық есеп бойынша мұнда 47049 турист келген. Ал «Шарын» МҰТП-да жалпы саны 46 қызметкер жұмыс істейді. Материалдық-техникалық базасы жасақталған. 22 қызметкерге арналған көлік бар, оған өрт сөндіру көлігі, трактор және инспекторлар көлігі кіреді. Тағы бір атап айтарлық жайт, 2019 жылдан бастап Шарын шатқалын көлікпен аралауға қатаң тыйым салынған. Шатқалға түсетін антропогендік әсерлерді азайту және табиғатты сақтау мақсатында жүзеге асырылған бұл бастама оң нәтиже беріп отырған көрінеді. Есесіне, келушілерді тасымалдайтын ортақ бағыт іске қосылған. Қазіргі таңда мұндай 3 бағыт парк меншігінде тұрақты қызмет көрсетеді. Ортақ тариф бір бағытқа 500 теңгені құрайды. Қолжетімді.
Шешімін таппай, тұралап тұрған мәселелер де жоқ емес. Алматы-Шонжы тас жолынан Шарын шатқалы – Қамалдар аңғары туристік бағытына келетін 22 шақырым жолға асфальт төсеу жұмыстарын жүргізу қажет. Шарын шатқалы – Қамалдар аңғары туристік бағытында ауызсу тапшылығы бар көрінеді. Екінші орын «Көлсай көлдері» Мемлекеттік Ұлттық табиғи паркі – Қазақстанның ең кейін қорғауға алынған табиғи аумағы. Жалпы ауданы – 161 мың гектардан асады. Аумақтың 72 пайызы қорық есебінде, ал 13 пайызы туризм және қалпына келтіру (рекреация) аймағына жатады. Көлсай көлдері Райымбек және Талғар аудандарында орналасқан. 2021 жылғы 15 қыркүйекте ЮНЕСКО «Көлсай көлдері» МҰТП-ін дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне қосқаны да есімізде.
Парктің қазіргі мақсаты – биік таулы алқаптар мен Көлсай көлінің табиғи байлықтарын сақтап қалу және қорғау. Мекемеде бекітілген құрылым бойынша 126 қызметкер жұмыс істейді. Көлсай көлдерінде тазалық мәселесі де жіті назарда. Бір автокөлік пен екі трактор арнайы тіркемемен қоса қоқыс тасымалдау қызметін атқарады.
Қызметкерлердің сөзінше, 2018 жылы Алматы – Көлсай республикалық маңызы бар тасжол күрделі жөндеуден өткен соң келушілер мен демалушылардың саны алдыңғы жылдармен салыстырғанда 4-5 есеге өскен. Былтыр Саты ауылы – Қайыңды көлі бағытындағы тасжолдың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген. Алайда, Қайыңдының суы жылдан-жылға азайып бара жатқандықтан көл аузына тоспа (платина) салу ісі зерттеліп, құрылысты бастау биылға жоспарланды. Құрылыс жұмыстары алдағы айда басталады деп күтіліп отыр. Сәйкесінше, құрылыс кезінде ауыр техника көп жүретіндіктен Саты – Қайыңды тасжол құрылысы шегерілген. «Тоспа құрылысы аяқталған соң тасжол салынады. Тасжолмен бірге жарық пен байланыс келеді», – дейді «Көлсай көлдері» МҰТП баспасөз хатшысы Алмас Тұяқбайұлы.
Қазіргі таңда ұлттық паркпен келісім шартқа отырған 13 туристік фирма жұмыс істейді. Экологиялық және танымдық туризмді дамыту мақсатында ұлттық парк аумағында туристер мен демалушыларға арналған 7 туристік бағыт қызмет көрсетеді.
– Пресс-тур аясында Шарын шатқалы, Көлсай мен Қайыңдыға барып, тыныс-тіршілігімен танысуға мүмкіндік туды. 2019 жылы да осы жерлерге келіп, қыдырған едім. Қазіргі жағдай сол жылдармен салыстыруға да келмейді. Айырмашылық жер мен көктей. Ол кезде Көлсайда байланыс мүлде жоқ болды. Ал қазір кез келген абонентте байланыс та, ғаламтор да жақсы жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, қарапайым қоқыс жәшігінен бастап дәретханаларға дейін тиянақты ұйымдастырылған. Одан бөлек, бұрын бір ғана соқпақ жол бар еді. Бұл, әрине, туристерге ыңғайсыз болатын. Қазір жаяу жүргіншілер мен атпен жүруге арналған екі бөлек жол түскен. Қуантқан тағы бір жайт – көлдегі қайықтар санының көбейгені. Бұрын бір-екі қайыққа қарап, кезек күтіп отырсақ, қазір таңдаған қайығыңызға мініп, көлдің сұлулығын тамашалай аласыз, – деп әсерімен бөлісті «Авторадио Қазақстан» радиосының жүргізушісі Набира Камалханқызы. Бұл пікірге қосылған «Адырна» ұлттық порталының негізін қалаушы Арман Әубәкір Қайыңды көлін ерекше атап өтті:
– Әуелде осы пресс-турға шақырған кезде Қайыңды көліне баратын болғандықтан келісім бердім. Сұлулығын сан рет естісем де, бір көруге жол түспей жүрген еді. Табиғаты – ғажап, мұны тек көзбен көру керек. Ешқандай фото, видеотүсірілім Қайыңдының сұлулығын жеткізе алмайды. Бұрын барсам да, Шарын шатқалының арғы түкпірінде ағып жатқан өзен, Көлсайдағы атпен, қайықпен серуен бұл жолы мүлде бөлек әсер қалдырды. Қайықтардың саны көбейген, туристік аймақ жан-жақты дамыған.
Пресс-тур барысында ішкі туризмнің айтарлықтай дамығанын және бір ізге түскенін байқадық. Тамаша табиғаттың әсері бір бөлек әрине, бірақ сапалы қызмет те аса маңызды. БАҚ өкілдері демалып қана қоймай, табиғат пен туризм мәселесін осылайша зерделеп қайтты.
Баян Мұратбекқызы