Шамалған ауылының Үшқоңыр спорт кешенінде дәстүрлі садақ атудан Қазақстан чемпионаты өтті. Осымен екінші рет ұйымдастырылған біріншілікке 15 командадан жалпы саны 156 спортшы қатысты. Соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан, кезінде ұмыт қалған ата-баба өнерімен бүгінде елімізде 3 мың адам айналысады. Оның ішінде Алматы облысының спорт мектептерінде де садақ ату секцияларында балалар мен жасөспірімдер тегін жаттығып, жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Өңіріміз бұл спорт түрінен республикада көшбасшылардың бірі.
«Біріншілікке өз аймағында 1-3 орын алған садақшылар ғана келді. Мұндай талап жарыс бәсекесін қыздыру мақсатында қойылып отыр. Әлемдік додаларда Қазақстан намысын абыроймен қорғайтын мықтылардың мықтысы осы күндері Шамалғанда анықталды», – деді Қазақстан дәстүрлі садақ ату федерациясының вице-президенті Диас Ахметов.
Біріншілік жастар және ересектер арасында пута, Орта Азия, қалқан және жамбы санаттарында өтті. Жарыс нәтижесі бойынша ең көп жүлде еншілеген Астана қаласының құрамасы жалпы командалық есепте үздік шықты. Екінші орында Ақмола облысы, үшінші сатыда Қостанай облысы. Ал, Алматы облысы ең күрделі сайыс – командалық бәсекеде қарсылас шақ келтірмеді. Аға жаттықтырушы Ахмет Мұғаловтың шәкірттері ақтық сында Абай облысының мергендерінен басым түсті.
Қазақстан чемпионатының ұйымдастырылуын қонақтар жоғары бағалады. Алатау бөктеріндегі заманауи стадион мен жайқалған көгал жарыстың эстетикалық көрінісіне көрік қосты. Қатысушылар биылғы біріншіліктің ерекше өткенін атап айтты.