Перейти к содержимому
Главная страница » Мемлекеттік басқару академиясында биыл қандай өзгеріс бар?

Мемлекеттік басқару академиясында биыл қандай өзгеріс бар?

Бүгінгі өткен баспасөз мәслихаты Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының оқу бағдарламасына енгізілген өзгерістер тақырыбына арналды. Спикер ретінде Алматы облыстық филиалының басшысы Айгерім Абилова шақырылды.

Оның айтуынша, бұл Академия – жаңа идеялар мен заман талаптарына сай мемлекеттік қызметшілерді дайындайтын интеллектуалды платформа.

«Осы жылы Үкіметтен мемлекеттік қызметшілерді даярлау мақсатында магистратураға 120 грант, докторантураға 12 грант бөлінді. Сондай-ақ сұранысқа сәйкес, «Халықаралық қатынастар» білім бағдарламасы 2 жылға ұзартылды. Магистратураға мемлекеттік тапсырыспен оқуға түсу үшін мемлекеттік қызметте кемінде 2 жыл еңбек өтілі керек болса, докторантураға 5 жылдан кем болмауы қажет», – деді Айгерім Абилова.

Филиал директорының сөзінше, қазіргі таңда оқуға өтінім бергендердің саны 215, ал жоспар бойынша 1000-ға жуық өтінім қабылданбақ.

«Үміткерлерден құжаттарды қабылдау 3 сәуірден басталып, 29 маусымға дейін жалғасады. Құжаттарды Академияның admission.apa.kz ақпараттық платформасында онлайн жолдауға болады», – деді спикер.

Alatau News