Өңірлік коммуникация қызметінің алаңында өткен брифингте облыстық цифрлық технологиялар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Ақыл облыстың елдімекендерін интернетпен қамтамасыз ету мәселелері жайлы сөз қозғады.
– Бүгінде облыста 380 елдімекеннің 92,4 пайызы кеңжолақты интернетпен қамтамасыз етілген. Мұндай интернетпен қамтылмаған 3 мыңнан астам адам тұратын 29 елдімекен бар. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің «Талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша ауылдық елдімекендерді кеңжолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету» жобасы аясында «Транстелеком» АҚ бастамасы бойынша 24 елдімекен халқы жоғары жылдамдықты интернетке қосылуға мүмкіндік алды.
Алдағы уақытта аталған министрлік осындай жобамен облыстың 70 ауылын қамтуды жоспарлауда. Бұл ауылдардағы барлық мемлекеттік және әлеуметтік нысандарға кабельдік интернет тартылады. «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ Қарасай ауданының Жыңғылды және Құрқұдық ауылдарын «Шалғайдағы аз қоныстанған ауылдарды спутниктік технология бойынша интернетпен қамтамасыз ету» жөніндегі пилоттық жоба шеңберінде интернетпен қамтамасыз етті. Осындай технология бойынша Жамбыл және Еңбекшіқазақ аудандарының Қарабастау және Сарытау ауылдарын интернетке қосу жоспарлануда, – деді Жандос Қанатұлы.
Баяндамашының айтуынша, лицензиялық міндеттемелерге сәйкес байланыс операторлары 3G стандартының мобильді кеңжолақты интернетімен тек 10 мың адам тұратын елдімекендерді, 4G стандартының мобильді интернетімен 50 мың адам тұратын елдімекендерді ғана қамтамасыз етуге міндетті. Қазіргі уақытта министрлік тарапынан бұл шектеулерді алып тастау бойынша жұмыстар жүргізілуде. «КаР-Тел» ЖШС Ұйғыр ауданының Кепебұлақ ауылын мобильді байланыспен және интернетпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды бастап кеткен. Жоспар бойынша жыл соңына дейін Балқаш ауданының Орақты батыр, Қараөзек және Қоскүмбез ауылдары мобильді интернетке қол жеткізеді. Байланыс сапасына шағымдар туындаған жағдайда абоненттер Телекоммуникациялар комитетінің облыс бойынша өңіраралық байланыс инспекциясына байланыс деректерін және нақты мекенжайын көрсете отырып, ресми өтініш жазуға құқылы. Өтініш негізінде байланыс операторларына қатысты көрсетілетін қызметтердің сапасына жоспардан тыс тексеру жүргізіледі.
Ж.Ақыл Мемлекет басшысының мемлекеттік басқару жүйесін орталықсыздандыру жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде байланыс сапасын тексеру функциясын жергілікті атқарушы органдарға беру жоспарланып отырғанын атап өтті. Халық саны мен тұтынылатын трафиктің артуына байланысты бұрын мобильді интернетпен қамтамасыз етілген ауыл тұрғындары интернетке қол жеткізуде қиындықтар туындағанын, бұл мәселені шешу үшін байланыс операторларының базалық стансыларын ұлғайтып, жаңа желілер салу қажет екенін айтты. Сондай-ақ, мобильді интернет жылдамдығының тұрақсыздығына байланысты кабелді үй интернетіне сұраныс артып келе жатқанын, осы орайда облыс әкімдігі «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-мен шағын байланыс операторларына электр беру желілерінің тіректерін өтеусіз негізде беру жөнінде келісімге келгенін тілге тиек етті.
Облыс орталығы мен оған қарасты ауылдарда неге интернет жылдамдығының нашар екенін сұраған журналистерге Жандос Қанатұлы оған көпқабатты үй тұрғындарының шатырға интернет тарату құрылғысын орнатуға қарсылық білдіруі себеп болып отырғанын алға тартты. Шеңгелді ауылы маңындағы «Қазақтелеком» АҚ интернет тарату жабдығының қатты соққан желдің салдарынан істен шыққанын, жақын арада базалық стансының қалпына келтірілетінін жеткізді. Сонымен қатар, «Билайн» компаниясы тарапынан Жетісу облысындағы Арқарлыдан Қонаев қаласына интернет магистралі тартылатынын, сол кезде екі аралықта қоныстанған елдімекендердің телевидениесі бар кабельдік интернетпен қамтылатынына сендірді.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ