Ядролық физика институты – 1957 жылы Алматы қаласында Қаныш Сәтпаевтың бастамасымен құрылған атом саласындағы Қазақстанның жалғыз ғылыми ұйымы. Қазіргі таңда Ядролық физика институтының (ЯФИ) Ақмола және Атырау облыстарында филиалдары жұмыс істейді. Облыстық ішкі саясат басқармасы мен ЯФИ, «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС ұйымдастыруымен өткен баспасөз туры барысында журналистер иституттың тыныс-тіршілігімен, жұмыс барысымен танысып қайтты.
Радиация, біз ойлағандай, тек зертханаларда қолданылмайды. Радиациялық өңдеу ауыл шаруашылығында, тамақ, шикізат, құрылыс өнеркәсіптерінде, ғылыми тәжірибелер жасауда, дәрі өндірісі мен медицинада, мұнай өндірісінде, экология саласында әртүрлі мақсаттарда пайдаланылады. Сондықтан радиацияға байланысты ғылыми жұмыстар аса маңызды. Осы орайда институт атом энергиясын пайдалану саласында ғылыми зерттеулерді жүзеге асыру, мемлекетке тиесілі стратегиялық объектілерді пайдалану және күтіп ұстау, ҚР-ның индустриалық-инновациялық және әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында атом энергиясын бейбіт пайдалану үшін ғылым мен технологияларды өркендету, тәжірибеде қолдану мақсатында жемісті еңбек етіп келеді. Одан бөлек, институт іргелі және қолданбалы зерттеулер жасаумен, атом энергиясы саласында зерттеулер жүргізумен, ядролық және радиациялық технологияларды ойлап тауып, қолданумен, радиоизотоптар өндірумен айналысады. Ғылыми бағыттары: ядролық физика және радиациялық қатты денелер физикасы саласындағы теориялық және қолданбалы ғылыми зерттеулер, ядро-физикалық талдау әдістерін, технологияларын әзірлеу және қолдану, медицина және өнеркәсіп үшін радиоизотопты өнімдерді өндіру, еліміздің атом өнеркәсібі үшін кадрлар даярлау. Бұл жұмыстарды орындауда «ССР-Қ» зерттеу реакторы, сындық стенд және 6 дана зарядталған бөлшектерді үдеткіштер кешені қолданылады. Корпустар қауіпсіздік мақсатында бір-бірінен бөлек орналасқан. Институттың 23 ғылыми-зерттеуге арналған зертханасы, 3 ғылыми-техникалық орталығы бар.
–«ССР-Қ» зерттеу реакторында және «Cyclone-30» циклотронында өнеркәсіптік, медициналық мақсаттағы радиоактивті изотоптарды өндірудің толық циклі жолға қойылған. Онкологиялық ауруларды диагностикалау және емдеу мақсатындағы технологияларда да осы құрылғылар қолданылады. Бүгінгі таңда институт пертехнетат натриі, фтордезоксиглюкоза, йодид натриі сынды радиофармпрепараттарды тұрақты түрде өндіріп, елдегі қажеттіліктің 90 пайызын қанағаттандырып отыр. Оған қоса радиофармпрепараттарды экспорттау ісі де қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда Қырғызстан, Ресей, Германияға экспорт бір ізге түскен. Алдағы уақытта өнімдерді Франция, Түркия, АҚШ-қа шығару жоспарланып отыр. 2022 жылдың қорытындысы бойынша радиоактивті изотоптар өндірісі 2021 жылмен салыстырғанда 114%-ға ұлғайған. «ССР-Қ» зерттеу реакторы, сонымен қатар, жартылай өткізгіштер мен микрочиптерді өндіру үшін қажет кремнийді қоспалау ісін атқарып, асыл тастарды, табиғи топаз тасын бояу, медицинадағы нейтрондық радиография және томография техникаларын жасау, археологиялық мұраларға зерттеу жүргізу үшін қолданылады. Тағы да күйік кезінде алғашқы көмек ретінде қолдануға арналған гидрогельді таңғыштар, бет, көз терісіне арналған косметологиялық бетперделер шығару, медициналық бұйымдарды стерилизациялау үшін пайдаланылады. Осы бағытта институт жанынан 2016 жылы ашылған «Aqua dress» косметологиялық жабдықтар өндірісі тұрақты жұмыс істеп келеді, – деді институт басшысы Саябек Қуанышбекұлы.
Институт мамандар оқыту, әсіресе тәжірибеге қанық, қолынан іс келетін ғалымдарды дайындау ісіне баса мән береді. Мәселен, Атом қуаты халықаралық агенттігінің (МАГАТЭ) қолдауымен 2000 жылы ашылған «Радиациялық қауіпсіздік» оқу орталығы радиоэкологиялық қауіпсіздік пен қоршаған ортаны қалпына келтіру ісімен, радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін, дозиметриялық бақылау жүргізетін білікті мамандар даярлаумен айналысады. Ал 2003 жылы ашылған «Кедергісіз бақылау» бойынша оқу орталығы осы бағытта мамандарды оқытып, ядролық, радиоактивті заттармен, иондық сәулелермен, қауіпті қалдықтармен жұмыстарды жүйелейді. АҚШ-тың Энергетика министрлігінің қолдауымен 2017 жылы салынған «Ядролық қауіпсіздік» оқу орталығы болса ядролық, радиоактивті құралдар мен қондырғыларды қорғап, оқшаулайды. Осы салада бақылау мен есеп жүргізіп, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Соынмен қатар, 2022 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен үштарапты келісім-шарт жасалды. «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС, ЯФИ мен ұлттық университет арасындағы бұл ынтымақтастық нәтижесінде барлық инфрақұрылым қарастырылған институт базасында тәжірибеге негізделген мамандар оқыту ісі қолға алынды. Алдағы 2024 жылы өңірлік «Ядролық криминалистика» оқу орталығын ашу жоспарда бар. Институт бұрыннан Қазақстандағы тыйым салынған ядролық құралдар бойынша ресми сот-экспертиза жасайтын лаборатория болып табылады. Мамандардың айтуынша, орталық ашу экспертиза-зерттеу жұмыстарын кешенді түрде жүргізуге мүмкіндік береді.
Пресс-тур барысында 19-23 маусым аралығында қазақстандық делегация құрамында Францияның атом саласымен, ондағы оқу орталықтарымен танысып қайтқан ЯФИ-дің ғылыми хатшысы Асхат Бекбаев АЭС-ке байланысты пікір білдірді.
–Сапар барысында Францияның АЭС мамандарын дайындайтын әртүрлі оқу орындарымен, олардың мақсаттарымен, қызмет қағидаларымен, сондай-ақ, Францияның атом саласындағы эксплуатациялық компаниялар, жеткізушілер, Білім министрлігі сынды мүдделі тараптармен таныстық. Француз және британ сарапшылары Қазақстандағы АЭС мамандарын даярлауға байланысты пікір білдіріп, нұсқаушы мамандар даярлау бағдарламасын талқыладық. Францияның мамандар оқыту кезеңінде қолданатын инфрақұрылымымен, «EPR» екі жұмыс блогы бар ядролық реакторымен және әлем бойынша АЭС құрылысын жасап жүрген франциялық «EDF» компаниясының Ұлыбританияда салып жатқан нысанымен таныстық. Осы сапарда алған тәжірибем мен біліміме сүйеніп отырып айтарым, АЭС салу еліміздің экономикасы мен энергетикалық ахуалына, әлеуметтік жағдайына оң әсер етеді. Әрі АЭС салу жанама салалардың қарқынды дамуына жол ашады,- деді Асхат Бекбаев.
ЯФИ соңғы бес жыл ішінде жарияланған ғылыми жұмыстар саны бойынша еліміздің ғылыми-зерттеу институттары арасында бірінші орынды иеленген. 2023 жылы институтта бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша 7 ғылыми-техникалық бағдарлама және гранттық қаржыландыру бойынша 25 жоба орындалып, нәтижесін берген. Мекеме басшысының айтуынша институт пен мамандар жан-жақты әрі ізденімпаз. Әлемнің 30-дан астам жетекші ғылыми ұйымымен және университеттерімен тығыз ынтымақтастықта қызмет ететін мекемеде 700-ден астам қызметкер бар. Оның ішінде 140 адам жас маман, 71-і ғылым докторы, ғылым кандидаты.
Баспасөз сапары барысында жастарды ғылымға, соның ішінде табиғаты күрделі, аса мұқияттылық пен үлкен ізденістерді қажет ететін ядролық физика саласына тарту мақсатында қандай іс-шаралар атқарылып жатқанын сұрадық. Институт қызметкерлерінің сөзінше, ҚР Энергетика, Ғылым және жоғары білім, Ақпарат және қоғамдық даму, Мәдениет және спорт министрліктері біріге отырып арнайы жоспар мен бағдарлама жасамақ. «Жан-жақты жұмыстар жүргізу арқылы жастардың ғылымға деген қызығушылығын арттырамыз деп сенеміз», – дейді олар.
Институттың ауқымы үлкен, бөлек орналасқан ғимараттары көп. Аралап жүріп көз үйренбеген көп техникалар ұшырасты. Ірілі-ұсақты құрал-жабдықтардан бөлек реактордың өзі, оның басқару пульті мен қауіпсіздік жабдықтары тіптен күрделі. Алайда сын-сипатына қарап көп техниканың ескі екенін байқауға болады. Кезекті сауалымызда дәл осы материалдық-техникалық базаның деңгейіне қызықтық. Институт басшысының айтуынша, материалдық-техникалық база бойынша мәселелер жеткілікті. «Қондырылғылардың көпшілігі ескірді. Қазіргі жаңа нұсқаларына мүмкіндігінше біртіндеп ауыстырып жатырмыз», – дейді Саябек Қуанышбекұлы.
Институт әртүрлі бұйымдар мен азық-түліктерді, ауыл шаруашылығы өнімдерін стерилизациялау, дезинсекциялау және дезинфекциялау, суды, оның ішінде, ағынсуды тазарту саласында зерттеулер жүргізуді жоспарлап отыр.
Баян Мұратбекқызы