Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Алматының іргесіндегі Қарасай ауданы Көкөзек ауылының тұрғындарымен кездесіп, Алматы–Байсерке–Талғар газ құбырының екінші желісінің құрылысына қажетті жер телімдерін сатып алу мәселесін талқылады. Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған газ құбырының екінші желісін тартып, ЖЭО-2 және ЖЭО-3-ті газбен қамту үшін Қарасай ауданында 612 жер телімін сатып алу қажет.
Алматы – Байсерке – Талғар газ құбырының бірінші желісінің құрылысы 2014 жылы аяқталған. Қазір Алматы қаласында орналасқан ЖЭО-2 және ЖЭО-3-ті газбен қамтамасыз ету үшін екінші желіні тарту қажет. Әкімдіктің мәліметінше, «Алматы – Байсерке – Талғар» магистральды газ құбырының Қарасай ауданынан өтетін бөлігінің ұзындығы 16 шақырымды құрайды. Газ құбыры Іргелі, Елтай ауылдық округтерінде тартылмақ. Жобаға сәйкес газ қысымы 3,5 МПа-дан 5,4 МПа-ға дейін көтеріледі. Осыған байланысты қауіпсіздік аймағын арттыру қажет. Жоғарыда аталған газ құбырының қауіпсіздік аймағына кіретін жер учаскелерінің картографиялық құжаттары мен экспликациясына сәйкес 700 жер учаскесі бар. Оның 569-ы бос жер болса, 131-інде ғимарат, оның ішінде 61 тұрғын үй салынған. Яғни, бұл жер учаскелерін сатып алып, ондағы нысандар сүрілуі тиіс.
«Қарасай ауданы әкімінің «Жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін, оның ішінде сатып алу тәртібімен мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы» қаулысына сәйкес, екінші кезеңде 569 жер учаскесінің 481-і сатып алынуы тиіс. Иеліктен шығарудың болжамды құны – 3,2 млрд теңге. Шаруа қожалығын жүргізуге арналған 88 жер учаскесі сатып алуға жатпайтындықтан әуелде көзделген мақсатына сай пайдаланылуы мүмкін. Қазір тиісті жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Бүгінде ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі Алматы облысының жер қатынастары басқармасына бюджеттен өтеуге қаражат бөлу туралы өтінім дайындады», – деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Көкөзек ауылының тұрғындарымен кездесуінде.
Сондай-ақ, 131 құрылыс нысаны салынған жер телімдеріне бағалау жұмыстары жүргізіліп, олардың өтеу құны 2,4 млрд теңге деп белгіленген. 569 жер телімінің иелеріне мемлекет меншігіне алу туралы хабарланған, бағалау 10 шілдеге дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар оларға бос жатқан жер телімдерін айырбастау үшін Исаев, Береке, Ақсеңгір ауылдарынан баламалы жер телімдері ұсынылды. Сонымен қатар жиында облыс әкімі Қарасай ауданы әкімдігінің аппаратына субсидиялау бағдарламасы бойынша жалға берілетін тұрғын үйге 50 пайыз өтемақы төлеу мәселесін қарауды тапсырды.