Алматы облысы бойынша Төтенше жағдайлар министрлігі БЖКБ салааралық бақылау және қадағалау бөлімінің бас маманы Ернар Рүстемов өңірілік коммуникация қызметінің баспасөз мәслихатын өткізіп, облыстағы жанармай бекеттері, мұнай базаларындағы қауіпсіздік ережелері қандай болуы керектігі туралы баяндады. Оның сөзінше, өңірде 30 мұнай базасы және 300-ге жуық жанармай құю бекеті мен қойма бар.
Спикердің айтуынша, әуелі мұнай базасы мен жанармай құю бекетінде тиісті міндеттелген құжаттама болуы қажет. Аталған нысандардың аумағында өрт шықпас үшін ашық отты қолдануға рұқсат етілмейді. Қауіпті орындарда ескерту жазулары мен белгілер орнатылуы тиіс. Резервуар паркінің аумағына ұшқын сөндіргіш құрылғылары жоқ көліктердің кіруіне тыйым салынған. Жалпы, жер үсті жанармай құю бекеттері тұрғын үйлерден кемі 40-50 метр қашық болуы тиіс. Сұйытылған көмірсутекті газды пайдаланатын болса, 60 метр арақашықтықта орналасуы шарт.
«Мұнай базасының аумағы биіктігі кемінде 2 метр жанбайтын материалдардан жасалған үрленетін қоршаумен қоршалады. Қоршау ғимараттар мен құрылыстардан кемінде 5 метр қашықтықта орналасу қажет. Мұнай базасының аумағында ғимараттар, құрылыстар мен жабдықтар Қазақстан Республикасының ҚНжЕ талаптарына сәйкес орналастырылады», – дейді Ернар Рүстемов.
Сонымен қатар баспасөз мәслихатында Ернар Рүстемов сала мамандарын өнеркәсіп қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша әрдайым курста оқытып тұру керегін айтты. Соңғы жылдары бұл тұрғыда қандай да бір заң бұзушылық тіркелмеген.