Өткен сенбі күні Райымбек ауданындағы Шалкөде ауылында ұлан-асыр той өтті. Мектептің 100 жылдығына келген ардагер ұстаздар мен білім ордасының әр жылдардағы түлектері бір-бірімен қауышып, сағыныса көрісті. Самайларын қырау шалған аға буын өкілдерінің балалық шаққа саяхат жасағандарына бүгінгі жастар қызыға көз салды.
Шалкөде орта мектебінің ғасырлық мерейтойы сан қырлы шежірелерге толы. Оқу орнының музейін аралағандар соның бәріне көз жеткізді. «Ғасырлық белес» атты деректі фильмді тамашалады. Мектептің өзіне тән ерекшеліктеріне назар аударды.
Біріншіден, Шалкөде орта мектебі Райымбек ауданындағы бәрінен бұрын іргесін қалаған ағарту саласының қара шаңырағы. Қазақы теңеумен айтқанда, мектептердің атасы деуге болады. Оның мысалын мынаған қарап аңғарасыз. Кеңестік кезеңде жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан ұстаздарға ғана берілетін «Қазақ ССР-іне еңбек сіңірген мұғалім» деген мәртебелі атақ болған. Сол атақты аудан бойынша 4 мұғалім иеленіпті. Төртеуі де Шалкөде орта мектебінде еңбек етіп, шыңдалған кадрлар екен.
Екіншіден, осы оқу орнынан түлеп ұшқан шәкірттердің 32-сі түрлі саланың ғалымдары атанған. Олардың ішіндегі 10-ы ғылым докторлары. Атап айтқанда олар – Оспан Бейсеев, Аужан Сақабеков, Қаден Бопаев, Нұрберген Омарғожаұлы, Жеңіс Әбиев, Жеңіс Мырзабеков, Мейірхан Жылтырова, Бағдәулет Берлібаев, Шерубай Құрманбайұлы, Әнуар Тарақовтар. Аспантаудың аясында, шалғай елді мекенде жатқан аядай ғана ауыл үшін бұл аз олжа емес.
Үшінші ерекшелік – қазақтың ұлы ақыны Мұқағали Мақатаевтың осында мұғалім болып, орыс тілі мен әдебиетінен сабақ бергені. Бұл орайда Әбдіке Асановтың «Мұзбалақ Мұқағали» атты кітабындағы мына бір жолдар ойымызға оралады. «1954 жылы Алматыдағы шет тілдер институтының студенті Мұқағали Мақатаев қолдың қысқалығынан оқуын жалғастыра алмады… «Әбдіке, сенің алғашқы директорлық шешімің болсын, мені мектепке мұғалім етіп орналастыр» деді. Аудандық оқу бөлімінің басшысы Құсайын Бижанов екеумізді жылы шыраймен қарсы алды… Сөйтіп Мұқағали Мақатаев Шалкөде орта мектебіне мұғалім болып тағайындалды» деп жазыпты автор.
Мерейтойлық салтанаттың тізгінін ұстаған модераторлар – Қазақ радиосы Алматы филиалының жетекшісі Бақыт Жағыпарұлы, «Жетісу облысындағы «Жетісу» газетінің бас редакторы Жұматай Оспанұлы, Қазақ радиосының журналисі Гүлбағыш Бостанова мен ағарту саласының қызметкері Жазира Бақаевалар осы мектептің түлектері.
Мінберге алғашқы болып Райымбек ауданының әкімі Берік Дүйсенбаев көтерілді. Жүрекжарды лебізін паш етті.
– Ардақты ағайын! Бүгін бәріміз куә болып отырған қасиетті Хантәңірі етегіндегі Шалкөде орта мектебінің тұңғыш шәкірттеріне есігін айқара ашуына 100 жыл, яғни бір ғасыр толып отырған қуанышы. 100 жыл, әрине, оңай мерзім емес. Осы уақыт аралығында бірнеше ұрпақ ауысты. Қоғам әлденеше рет өзгерді. Кәмпескелеу, колхоздастыру, аштық нәубеті, саяси қуғын-сүргін, екінші дүниежүзілік соғыс… Әлемді дүр сілкіндерген осы оқиғалардың қай-қайсысы болсын, Шалкөде орта мектебін айналып өтпегенін жақсы білеміз. Сол сұрапыл шақтарда да білім ошағы өз міндетін адал атқарды. Мектептің әр кезеңдердегі ұстаздары қиындықтың неше түрін бастарынан өткізсе де, мойыған жоқ. Болашағының жарқын болатынына сенді. Сол үшін саналы шәкірт тәрбиелеуге білімдерін сарқа жұмсады. Сан мыңдаған шәкірт қоғамның сан-саласында еңбек етіп, елі мен жерінің гүлденуіне лайықты үлестерін қсып жүр, – дей келе аудан әкімі мектеп ұжымына түрлі-түсті теледидарды сыйға тартты және бір топ ардагер ұстаздарға Алғыс хаттарды табыстады. Олардың арасында тоқсан жастың белесіне қадам басқан Халық Торғайұлы, Жамалбек Жақсылықов, Жайлаубек Әкімбайұлы секілді аталарымызбен бірге аға буын өкілдері – Әкпаржан Ақылбаев, Нұрия Изенбайқызы, Ұлтуған Айдарқызы, Кәкіш Нұрыпбаевалар бар.
Бұдан кейін мәртебелі қонақтардың қатысуымен «Ұлағат ордасы» атты кітаптың тұсаукесері болды. Шежіре сырға толы деректі шығарма қолдан қолға өтті. Жиналған көпшілік оны мерейтойдың шашуы ретінде қабылдады. Осы кітапқа берілген облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің құттықтауымен оқырмандарды таныстыра кеткенді жөн көрдік.
«Шалкөде орта мектебінің 100 жылдығы бәріміз үшін елеулі оқиға. Осыдан 30 жыл бұрын бұл мектептің 70 жылдығы облыс көлемінде кеңінен аталып өткені есімізде. Одан бері де уақыт алмасып, ұрпақтар сабақтастығы жалғасуда. Алматы облысы мектептерінің арасында Шалкөде мектебінің өзіндік орны бар. Өткен ғасырдың 70-80 жылдарында осы мектепте негізі қаланған математика сыныбының өзі республикаға танымал болды.
Шалкөде мектебінде білім алған шәкірттер арасынан қаншама ғалымдар, инженер-техниктер мен білікті дәрігерлер, спорт саңлақтары мен өнер қайраткерлері шықты. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Осының барлығы сапалы білім мен озық тәжірибенің жемісі. Аспантаулар аясындағы Шалкөде мектебінің ғасырлық тойымен барлықтарыңызды шын жүректен құттықтаймын! Ардагер ұстаздарға алғыс айта отырып, мектеп ұжымына толайым табыстар тілеймін! Ұшқан ұясын ұлықтаған түлектерге мың алғыс. Жүз жылдық тойларыңыз құтты болсын!» деп жазыпты облыс әкімі өзінің құттықтау хатында.
Келесі сөз кезегі облыстық білім басқармасына ұзақ жыл жетекшілік еткен ағарту саласының ардагері Тоққожа Естеновке берілді. Ол кісі терең тебіреніспен толғана отырып, бұл мереке ұстаздардың қуанышы екенін атап айтты.
– Дүбірлі той көп. Бірақ соның ішінде бүгінгі білім ордасының 100 жылдығы мен үшін нағыз мереке. Өйткені ол – ұстаздардың қуанышы. «Ұстаз көштен қалмаса, ұрпақ озады» деген аталы сөз бар. Ұрпақ озған елде қоғам алға қарай жылжиды. Мен де педагогпын. Бүкіл саналы ғұмырым ұстаздықпен өтіп келеді. Ғасырлық мерейтойы аталып отырған осынау киелі шаңырақта талай ұрпақ білім алды, тәрбие көрді. Мектеп түлектері тұлға болар азаматтарға айналды. Ғылым докторлары, елге белгілі қаламгерлер шықты. Соның бәрі ұлағатты ұстаздардың арқасы. Осылай дегенде Құлмұханбет ұрпағын ерекше атап айтқым келеді. Жүнісхан ақсақалдың еңбегі айрықша еді. Ол кісінің есімі Жетісу өңіріне кеңінен танымал болды, – деді Тоққожа Естенов.
Институтты тамамдаған соң туған жерге туын тігіп, Шалкөде орта мектебінде тұрақты қызметтер атқарып, осы жерден зейнеткерлікке шыққан ұстаздардың ұстазы атанған Жақан Мұқаев атамыздың ағынан ақтарылған сөзі жиналғандарды елеңдетпей қоймады.
–1965 жылдан 1996 жылға дейін осы мектепте еңбек еттім. 1968-1987 жылдары мектептің оқу ісінің орынбасары болдым. Сол кезде біздің білім ордасы облыс бойынша алдыңғы қатарлы озат мектеп атанды, – деп Жақан ата өткен күндердің жарқын суреттерін емірене еске алды.
Мерекелік шарада Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың құттықтауын облыстық Білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ержан Жиренбай оқып берді. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова жас ұрпақты тәуелсіздік рухына сай білімді де білікті етіп тәрбиелеу жолында Шалкөде орта мектебі ұстаздарының атқарған жұмыстарына лайықты баға берді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахымның Алғыс хатын ардагер ұстаз Тілеухан Алғазиевқа және мектепте еңбек етіп жүрген Нұрлан Құлмұханбетов, Мәулен Өмекеев, Сырым Сүгіровтерге табыстады. Жаңа оқу жылында Шалкөде орта мектебінде екі модификациялық кабинет ашылатынын сүйіншілеп хабарлады.
Сондай-ақ, салтанатты жиында «Қазақ радиолары» ЖШС бас директоры Ернұр Бурахан, республикалық «Мұқағали» журналының бас редакторы Батық Мәжитұлы, Қазақ радиосындағы «Інжу-маржан» бағдарламасының бас редакторы Қошан Мұстафаұлы, Кеген аудандық мәслихат хатшысы Алмасбек Нұғымановтар жарыссөзге шықты.
Мектеп тарихы туралы Нұрлан Құлмұханбетов шағын баяндама жасады. 1923 жылы Қолтық сайындағы киіз үйде алғаш рет екі басқышты бастауыш сынып пайда болды. Бүгінгі орта мектептің негізі осылай қаланған еді. Ең қызығы, осы оқу орнына бір әулеттің үш ұрпағы басшылық жасаған. Алғашқы директоры Мәлікаждар Құлмұханбетов, одан кейін мектепті ұзақ жылдар басқарған Жүнісхан Құлмұханбетов ағамыз. Мәлікаждар атаның немересі Нұрлан Құлмұханбетов те осы ұжымға жетекшілік еткен.
Баяндамашы атасынан кейін мектепті басқарған азаматтардың аты-жөндеріне тоқталды. Олар – Бердібек Момбеков, Абай Кәкенов, Мұхаметқали Беласаров, Ақанбай Ахметов, Разиев, Жамаш Тәнтиев, Шотан Әміров, Бейсенбек Байзақов, Оразай Кішкенебаев, Тікенов, Сыдық Байбұлынов, Әбдіке Асанов, Қасымбай Дәуқабақов, Ораз Тұрысбеков, Сламжан Оңдасынов, Төлепбек Оқасов, Рақым Дәуітов, Әкімбек Алакөзов, Меліс Мамытханов, Әкімқожа Толқынов, Әкпаржан Ақылбаев, Амантай Шмановтар еді. Әрқайсысының өзіне тән басқару ерекшеліктері болды. Ортақ іске үлес қоса отырып, педагогикалық арнаны кеңейтті. Қолдарынан келгенше кеңестік идеологияның ұйығына батып кетпеу амалдарын қарастырды. Ата-дәстүрге негізделген ауылдағы қазақы қарым-қатынастарды жас ұрпақтың жадынан шығармауға тырысты. Осынау ізгі жолды бүгінде Райхан Оралова жетекшілік ететін мектеп ұжымы абыроймен жалғастырып келеді.
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, әнші Сұлушаш Нұрмағанбетова бастаған өнер саңлақтары ауыл сахнасының сәнін кіргізді. Жергілікті өнерпаздар да мектеп мерейтойына ән-күйден шашу шашты. Шибұт өзенінің бойына тігілген киіз үйлердің әр сәті қызық пен думанға толды. Ауыл шеберлері жасаған ұлттық бұйымдар қонақтардың назарын аударды. Бұдан кейін ат бәйгесі ұйымдастырылып, мерекелік шара қорытындыланды. Мектептің мерейтойы тәлім алатын ғибратты көріністерімен көпшіліктің есінде қалды деп айтуға толық негіз бар.
Болат Мәжит