Жарысқа ХХ Іле-Балқаш регатасы аясында Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстаннан барлығы 35 спортшы және үш класты 12 желкенді қайық қатысты.
Екінші жыл қатарынан халықаралық регата жаңа форматта өтіп келеді. Қапшағай су қоймасының ашық алаңдарында спортшылар 200 шақырымнан астам жол жүріп өтті.
Желкенді қайық сағатына 25 шақырымға дейін жылдамдықпен жүре алады. Қатысушылар қатты жел кейде қайық жылдамдығын тамашалауға кедергі келтіргенін айтады. Спортшылар нағыз шеберлік үлгісін көрсетіп, қайық жылдамдығын азайтпас үшін желмен жарысты деуге болады.
Жеті күнге созылған желкенді қайықтар жарысының нәтижесінде:
«А» сыныбында 1 орынды «KazKat 24» катамаранында (Қазақстан, Қырғызстан) басқалардан жақсырақ және жылдам жүзген капитан А. Гаида және оның командасы жеңіске жетті.
«В» сыныбында «Кулик 21» (Қазақстан) тримаранының экипажын басқарған капитан А. Громов жеңімпаз атанды.
«С» сыныбында «Кулик 18» тримаранының экипажы үздік деп танылды, капитан – А. Ахмедов (Өзбекстан).
Жарысты Алматы облысының туризм басқармасы, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, Желкенді жүзу капитандарының халықаралық қауымдастығының (MARPS) және Қазақстан спорт туристері достастығындағы қазақстандық туристік яхташыларды ұйымдастыру комитеті ұйымдастырды.
Регатаға Республикалық желкенді қайық спорты федерациясы, Алматы облысының спорттық туризм федерациясы, KazAlpineClub үкіметтік емес ұйымы қолдау көрсетті.
Alatau News