Астана күні!
Жалпы, Астана күнін тойлау әлемде сирек кездесетін жағдай. Ал, біздің Астана бас қала мәртебесіне ие болғалы қарқынды түрде өркендеп елдің табысты дамуының символына айналды.
Мереке бастауы
«Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңда Астана күнін мерекелеу күні ретінде 6 шілде көрсетілген. Оған ел азаматтары үшін қоғамдық-саяси мәні бар мемлекеттік мереке мәртебесі берілген. Аталған заңға сәйкес, мемлекеттік мерекелер жұмыс күні болып саналмайтындықтан, Астана күнін тек Астана қаласы ғана емес, бүкіл ел атап өтеді. Ал енді, неге 6 шілде күні? Өйткені, дәл сол күні қаланың астаналық мәртебесіне қатысты алғашқы құжат қабылданған болатын. Дәл 1994 жылдың 6 шілдесі күні ҚР Жоғарғы Кеңесі «Астананы Ақмола қаласына көшіру туралы» Қаулы қабылдаған болатын. Ел астанасын Алматы қаласынан көшіру туралы шешім қабылдауға бірнеше себеп болды. Басты аргументтердің бірі ретінде Алматының Қазақстанның қиыр оңтүстіктегі шекарасына жақын орналасқандығы айтылады. Ақмола болса, елдің көш бастаушы аймақтарының қатарына кіретін еді. Сонымен қатар, бұрынғы астана бұдан әрі дамуға қажетті қорларын тауысқан, ал Ақмола бұл тұрғыдан алғанда келешегі бар қала болып саналды. 1997 жылы орталық мемлекеттік органдар Ақмолаға ресми түрде көшкеннен кейін, астаналық қалаға қатысты тағы бір маңызды шешім қабылданды. Сол кездегі Мемлекет басшысының 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығына сәйкес, Ақмола қаласы символикалық Астана атауына ие болды. Астананы Қазақстан Республикасының жаңа астанасы ретінде халықаралық дәрежеде таныстыру рәсімі 1998 жылдың 10 маусымы күні өткізілді. Міне, сол кезден бастап 10 жыл бойына қала мерекесі жергілікті деңгейде маусымның 10-ы күні тойланып келді. Алайда 2008 жылы «Мерекелер туралы» Заңға толықтырулар енгізілді. Бұл толықтырулар бойынша Астана күні мемлекеттік мереке ретінде шілденің 6-сы күні аталып өтетін болып бекітілді.
Өзінің тарихын сонау XIX ғасырдан бастайтын ескі қалада жаңа мәртебесіне сәйкес келетін соны сипатқа ие болу міндеті тұрды. Соған орай Астанада көптеген қала құрылысына қатысты жобалар жүзеге асырыла бастады. Астанамыздың қазіргі бет-бейнесін қалыптастыруға Кисе Курокава, Норман Фостер, Ренато Аркетти, Манфреди Николетти сияқты әлемге танымал сәулеткерлер атсалысты. Олар кейін жаңа астананың танымал символдарына айналды. Бірқатарын атап көрсетер болсақ: «Бәйтерек» мұнарасы – тамырын тереңге жайған, бірақ болашаққа қол созған елдің символы. Қазақстанның Ұлттық музейі – Орталық Азиядағы ең үлкен музей. Бейбітшілік пен келісім сарайы. «Астана» орталық концерт залы – даланың ерекше бәйшешегі. «Хан-Шатыр» ойын-сауық орталығы.
Ал енді Астана күні мерекесі қарсаңында астананың аталған елеулі ғимараттары мен оның айналасындағы жерлер құлпырып шыға келеді. Олар мерекелік концерттер, көрмелер және басқа да бұқаралық іс-шараларды шоғырландыратын аймақтарға айналады.
Астаналық мәртебеге ие болғанына 20 жыл толғанда, яғни, 2017 жылы, Астана миллион тұрғыны бар миллиондық қала болып, тағы бір мәртебеге – республикалық мәні бар қала атына ие болды. Қазіргі таңда Астана халқының саны 1 миллион 400 мыңға жуықтады. Астана тұрғындарының басым көпшілігін қазақтар құрайды. Десек те, мұнда да, бүкіл еліміздегідей, ондаған өзге ұлт өкілдері өмір сүріп жатыр. Алуан ұлт өкілдерінің тату-тәтті ғұмыр кешіп жатуының арқасында ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша, Астана қаласы «Бейбітшілік қаласы» атағына ие болды. Осынау ширек ғасыр уақыт аралығында бас қаламызда көптеген халықаралық кездесулер, татуластыру мақсатындағы жүздесулер, дін және конфессияаралық форумдар өткізіліп, Астана ел мен елдің арасындағы мәмілегер, дәнекер көпір қызметін атқарып келе жатыр.
Қалай тойлаймыз?
Бізде Астана күні қалай тойланады? Бас қаланың мерекесін бүкіл ел болып атап өтеді. Салтанатты шаралар астанада ғана емес, еліміздің түпкір-түпкірінде өткізіледі. Мерекені Мемлекеттік Туды көтеру салтанаты бастайды. Содан соң бұқаралық мәдени және спорттық іс-шаралар басталып, көрмелер ашылып, концерттер мен спектакльдер ұйымдастырылады. Кешкісін көшелерде халықтық қыдырыстар өтіп, мерекені көз тартар отшашулар аяқтайды.
Астана күні қарсаңында құрылысшылар да сыйлықтар әзірлейді, өйткені, Астананың қанат жаюы толастаған жоқ. Әлі де құрылыс саласындағы көшбасшы болып қала бермек. Мерекеге қарсы жаңа әлеуметтік нысандардың салтанатты түрде ашылулары орайластырылады. Бұл күнгі спорттық шаралар астанадағы ең ауқымды бұқаралық сипатқа ие болатын жиындар болып саналады. Дуатлон бойынша дәстүрлі қалалық турнир ұйымдастырылады. Жарыс жолына мыңдаған спортшы мен әуесқойлар шығып, 5 шақырымға жүгіру мен 20 шақырымдық велобәйгеде бақ сынасады. Жеңімпаздар сыйлықтармен марапатталады. Мерекеге қарсы үрмелі және ұрмалы аспаптар оркестрлерінің, сондай-ақ цирк өнері мен балалар шығармашылығына арналған халықаралық фестивальдер дайындалады. Халықаралық сипатқа ие болған этникалық музыка фестивалін өткізу мерекелік дәстүрге айналды. Оған әртүрлі елдердің ұжымдары шақырылады. Астана күні қарсаңында Домбыра күніне арналған мерекелік шаралар ұйымдастырылады. Оның ішінде балалар ұжымдарының өнер көрсетулері де, домбырашылардың флешмобтары да бар. Қалалықтар мен қала қонақтарының құлақ құрыштарын бұл күні отандық және шетелдік жұлдыздардың концерттері, жеке концерттер, сондай-ақ, көркемөнерпаздар ұжымдары мен этноансамбльдердің мерекелік концерттері қандырады. Оларға «Астана-опера», «Астанабалет» және басқа да мәдениет ошақтары өз сахналарын ұсынады.
Айтулы күн қарсаңында отандық және шетелдік суретшілердің көрмелері ашылады. Қалалықтар мен қала қонақтары ірі галереялардан әкелінген экспозицияларды тамашалай алады. Халықтың назарын тек дәстүрлі мәнерде салынған туындылар ғана емес, сонымен бірге, жаңа, осы заманғы технологиялардың көмегімен жасалған (бейнеинсталляцилар, диджиталдық өнер) үздік туындылар да тартады. Кейбір көрмелер суретшілер мен дизайнерлердің шығармашылық кештерімен де толықтырылып, айшықтала түсіп жатады. Астана төріне мыңдаған бишілер мен хореографтар жианлады. Көшелік, эстрадалық, халықтық би байқаулары дәстүрлі түрде өтетін болды. Кейінгі жылдары оларға қатысушылар тек Қазақстанның әр өңірінен ғана емес, сонымен қатар, Еуропа мен АҚШ елдерінен де келген би әуесқойлары өнер көрсетеді.
Біз Астанамызбен мақтанамыз! Ол – Ұлы дала кеңістігіндегі керемет оазис! Мереке қарсаңында да, мереке күні де салтанаттар мен бұқаралық шаралардан ешкім сырт қалмайды.
Бейбіт Мекееев