Қазақстан Парламенті Сенатының спикері Мәулен Әшімбаев әлеуметтік желіде Астананың 25 жылдық мерейтойымен құттықтады. Ол Елорданың ширек ғасырда жан-жақты дамып, әкімшілік орталық қана емес, мәдени-рухани салмағы басым іргелі шаһарға айналғанын жазды.
«Құрметті достар! Баршаңызды Астананың 25 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!
Елордамыз осы жылдардың ішінде қарқынды дамып, өзінің мәртебесіне сай еңселі орталыққа айналды. Ұлтымызды ұйыстырып, бірлігімізді бекемдеуге зор ықпалын тигізді.
Астананың Арқа төріне көшуі еліміз үшін өте қиын кезеңдерде іске асқаны белгілі. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кеше ғана өткен Астананың 25 жылдық мерейтойына арналған бауырлас қалалар форумында «бұл – халқымыздың болашақ тағдырын айқындаған аса маңызды және дер кезінде қабылданған тарихи шешім болғанын» айрықша атап өтті.
Шын мәнінде, жаңа астана өзі ғана өркендеп қоймай, тұтас елдің ілгері жылжуына тың серпін берді. Астанамыз ширек ғасырдың ішінде жан-жақты дамыды. Осылайша ол әкімшілік орталық қана емес, мәдени-рухани салмағы басым іргелі шаһарға айналды.
Сондықтан, Астананың мерейтойы – тұтас ұлтымыздың мерейі деп сенімді түрде айта аламыз. Баршаңызды осы мерекемен құттықтай отырып, елімізге амандық, жерімізге тыныштық және әр отбасына ырыс пен ынтымақ тілеймін!
Елдігіміз мәңгі, ертеңіміз баянды болсын! Қаламыз өсіп-өркендей берсін! Астана күні құтты болсын!» – деп жазды Сенат төрағасы құттықтауында.
Айта кетсек, 1998 жылы 6 мамырда атауы ресми түрде Астана болып өзгерген елордамызға биыл 25 жыл толды. Бір кездегі тың игерушілер қаласынан тәуелсіздік нышанына айналған бас қаланың осыдан 25 жыл бұрын тұсауы кесіліп, халықаралық таныстырылымы өткен.
Астананы Қазақстан Республикасының жаңа астанасы ретінде халықаралық дәрежеде таныстыру рәсімі 1998 жылдың 10 маусымы күні өткізілді. Міне, сол кезден бастап 10 жыл бойына қала мерекесі жергілікті деңгейде маусымның 10-ы күні тойланып келді. Алайда 2008 жылы «Мерекелер туралы» Заңға толықтырулар енгізілді. Бұл толықтырулар бойынша Астана күні мемлекеттік мереке ретінде шілденің 6-сы күні аталып өтетін болып бекітілді.