Бұл туралы «Oceanman Kazakhstan» – 2023 халықаралық жарысына қонақ ретінде қатысқан Рио Олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландин айтты.
«Мұндай беделді халықаралық спорттық шараның елімізде өтіп жатқаны біз үшін зор мақтаныш. Бұл жарыс Қазақстанды әлемге әйгілейді. Туристердің көптеп тартылуына септігін тигізеді. «Oceanman Kazakhstan» – жастардың үлкен спортқа деген ынтасын арттырып, жолын ашуға мүмкіндік береді. Аталған жарыста суда жүзуді жас баладан бастап, майталман ардагер спортшылар да бақ сынайды. Келесі жылы мен де жарысқа қатысуға ниеттеніп отырмын», – деді Дмитрий Баландин.
Биыл жарысқа қатысушылардың саны өткен жылға қарағанда біршама артқан. Осының өзі «Oceanman Kazakhstan» халықаралық спорттық шараның елімізде қанатын кеңге жайып келе жатқанын аңғартады. Беделді бәсекеге 7-70 жас аралығындағы 8 жас дәрежесіндегі спортшылар өнер көрсетеді.