Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов елімізде 2023-2029 жылдары туризмді дамыту концепциясы қабылданғанын хабарлады. Министр өзінің Telegram-каналында концепцияның жай-жапсары, атап айтқанда алдағы жылдары туризм саласының даму бағыты, салаға тартылатын инвестиция көлемі, жұмыс күші туралы жазды.
Туризмді экономиканың басым бағытына айналдыруды көздейтін концепцияда 2029 жылға дейін бұл салада жұмыс істейтін азаматтар санын 800 мыңға, қонақүй мен тамақтану қызметіне салынатын инвестиция көлемін 260 млрд теңгеге, ал жалпы қосылған құн көлемінің өсімін 6 трлн теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Туризмді дамытатын басым аймақтар ретінде Маңғыстау, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматының тау кластері және басқа да туристік орындар таңдалып отыр. Өңірлерде туризм саласындағы түрлі ауқымдағы жобаларды қаржыландыруға жекелеген инвесторлар тартылмақ. Бұл орайда ерекше қорғалатын табиғи аймақтарда туризмді көркейтуде АҚШ, Австралия мен Грузия сынды дамыған елдердің тәжірибесі қолданылады. Еліміздегі табиғи нысандардың өзіндік ерекшелігін сақтау үшін инвесторлар тартылып, ұлттық табиғи парктердің инфрақұрылымы дамытылмақ.
Құйылған қаржының тиімді жұмсалуын қадағалау үшін өңірлер арасында туристік инфрақұрылымның даму деңгейін бағалайтын ұлттық рейтинг енгізу жоспарланып отыр. Аталған рейтинг концепциядағы басым аймақтар мен Қазақстанның туризмді дамыту картасына енгізілген Топ-50 орын арасында бағалау жүргізеді.
Жобада туристердің саяхат кезіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайы да назардан тыс қалмаған. Мәселен, бұл бағытта eQonaq электрондық жүйесі мен смартфонға арналған қосымша енгізілмек. Бұл қызметттер іске қосылса туристердің жүріп-тұруын қадағалап, қауіп-қатер туындаған жағдайда құзырлы органдар жоғалғандарды дер кезінде іздеу, медициналық көмек көрсету немесе эвакуациялау жұмыстарына кірісуін тездетпек.
Министрлік бұдан бөлек ел аумағындағы туристер жүретін соқпақ жолдарды таңбалау ережелерін де бекітейін деп отыр. Соқпақ жолдар басталатын тұста туристерге оны жүріп өтудің қаншалықты қиын екені және оған қандай физикалық дайындық қажет екені жазылған тақта ілінеді.
Туристерді қажетті ақпаратпен қамту үшін Ұлттық туристік портал қызметі дамытылады. Мұнда туристік нысан немесе орындардың орналасқан жері, ол жерлерде қандай қызмет көрсетілетіні туралы қажетті ақпарат салынады. Туристерге ғана емес, осы саладағы бизнес өкілдеріне де пайдалы бұл бірыңғай портал туризмді цифрлық экономиканың толыққанды бір саласына айналдырады деген үміт бар.