Қазақ театр өнерінің қара шаңырағына айналған М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры жүйелі жұмысымен, тың жаңалықтарымен көрермен қауымды қуантып келеді. Осынау қасиетті өнерді жаңа деңгейге көтеріп, тірі сахналық қойылымдардың сұранысын арттыруда талмай еңбектеніп келе жатқан ұлттық театрдың 97-ші маусымы да аяқталуға жақын. Театр маусымды аяқтай салысымен күрделі жөндеу жұмыстарына жабылмақ. Осыған орай қара шаңырақтың тыныс-тіршілігін зерделеп, жаңалықтарын білу үшін театр директоры Еркін Жуасбекпен сұхбаттасып қайтқан едік.
– Жақында биылғы театр маусымы өз мәресіне жетеді. 97-театр маусымы қалай өтті? Қандай жаңалықтар болды?
– Бұл маусым, ең алдымен, көрерменнің театрға қайтып келген маусымы. Толық аншлагтар, есіктің алдында билет сұрап жүрген халық, алдын ала барлық билеттің өтіп кетуі сынды жағдайлар сөзіме дәлел. Театр өнерінің жанданған кезеңі болды. Жасырын емес, былтыр, алдыңғы жылдары билеттерді өзіміз апарып ұсынып, көрерменді театрға тарту үшін жұмыс жасайтынбыз. Ал қазір технология дамыған заманда орталықтандырылған сайт арқылы-ақ барлық билет сатылып кетеді. Тек өнер ғана емес, барлық саладағы билеттер сонда сатылымда тұрады. Көрермен өзі билет алып, өзі іздеп келеді. Біз аянбай қызмет етудеміз. Жүйеленген жарнамалық жұмыстарымыз бар. Насихат бар. Тек ақпарат берумен ғана шектелмей, актерлар мен көрермен арасында кездесулер ұйымдастырып, мекемелерге арнайы барып әңгімелесулер өткізіп тұрамыз. Көзіқарақты көрерменнің көбейгеніне қуаныштымыз. Бұл тенденция тек біздің театрда емес, жалпы қазақ театрларында байқалады. Халық шынайы, жанды өнердің бағасын түсінді. Бұл маусымның жетістігі де, табысы да – сол.
Қалыпты жұмыс істеуге мүмкіндік туды. Тұрақтылық театр үшін, шығармашылық жұмыс жасау үшін аса маңызды. Көрерменмен, аудиториямен байланыс барысына да қолайлы. Пандемиядан кейін бір қалыпқа түсіп, маусымды жоғары деңгейде аяқтап, жақсы көңіл-күйде шығарып салғалы отырмыз. Осы айда дәл бұрынғыша спектакльдер күнделікті қойылуда. Алда бір айлық демалыс. Демалыстан кейінгі тамыз айын біз «шығармашылық айы» деп атаймыз. Репертуардағы спектакльдерге шығармашылық ривизия жасалады. Актерлік құрам ауысады. Декорация түзеуден бастап, жалпы жиналу жұмыстары жүргізіледі. Қыркүйек айында маусымды қайта ашамыз.
Жаңалықтарға келер болсақ, жоспарланған қойылымдардың бәрі көрерменге жол тартты. Жаңа қойылымдар ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, қаржыландыруымен өтеді. Биылға жоспарланған 3 спектакльдің 2-еуін көрсеттік. Одан бөлек, театрдың өз табысына, өз бюджетіне жасалған эксперименттік қойылымдарды да ойнап жатырмыз. Бәрін қосқанда осы маусымда 5 жаңа спектакльдің премьерасын қойдық. Жамбыл облысы мен Шымкент қаласында, күні кеше Астана қаласында гастрольде болдық.
– Қандай қойылымдардың тұсауы кесілді? Көрерменнің жаңа қойылымдарға ықыласы мен берген бағасы қалай? Қазіргі таңда шетелдік туындылар көптеп сахналанып жүр. Өзіміздің төл туындыларымыз бен шетелдік аудармаларға деген сұраныс бірдей ме?
– Театрдың өзіндік шығармашылық жұмыстарының нәтижесінде бірнеше премьера өтті. Көрнекті француз жазушы-драматургы Ф. Зеллер шығармасы Болат Әбділмановтың жетекшілігімен қазақ сахнасына лайықталып, «Жан әке» спектаклі дүниеге келді. Қуаныш Мамытқалиевтің режиссерлігімен М. Задорновтың «Күйеуіңізді сатыңызшы» комедиясының премьерасы өтті. Бұл қойылымда жас актерларымыз Ғалым Оспанов пен Ажарлым Бақытжанова сахнада асқан шеберлік көрсетіп, актерлік-айтыскерлік деңгейде өмір сүреді. Және эксперименттік қойылым ретінде тұсауы кесілген Ж. Коктоның «Дауыс» монодрамасы бар. Режиссері – Тәжікстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, театр режиссері әрі драматург Барзу Абдуразаков. Дарынды актрисамыз Дария Жүсіп жалғыз өзі бір жарым сағат сахнада ойнап, үлкен ойды жеткізеді. Тағы бір айта кетерлігі, бұл премьераның опералық нұсқасы да дайындалып жатыр.
Сұранысқа келер болсақ, ұжым репертуар жасаған кезде-ақ қай спектакльге халық көп келеді, қайсысына аз келуі мүмкін, бәрін жобамен біліп тұрады. Мәселен, осы маусымда тұсауы кесілген «Кассандра таңбасы» спектаклі Шыңғыс Айтматовтың жазып кеткен ең соңғы романы. Бұл роман үлкен философиялық мәслелелерді қозғайды. Ал біздің көрермен негізінен сюжеттік спектакльдерге жақын. Яғни, оқиғаның көз алдында басталып, көз алдында шиеленісіп, көз алдында аяқталғанына бейім. Бүгінгі таңда болып жатпаған, ғылыми тақырыптарды көрсететін, терең философияға негізделген спектакльдерге аудитория тарапынан соншалықты қатты қызығушылық туындамауы мүмкін. Бірақ, біз көрермен қызықпайды екен деп ондай қойылымдарды қоймай кетсек тағы болмайды. Өйткені, шын мәнінде адам баласын тебірентетін мәселелердің бәрі сахнаға шығу керек. Біз көрерменді үйретуіміз қажет. Бәлкім, бастапқыда зал толмай қалатын шығар. Келесіде керісінше ине шаншар орын болмауы мүмкін. Біз арнайы түсіндірме, жарнама жұмыстарын жүргізіп, қойылымды жетілдіріп, қалайда көрсетеміз. Көрермен қызығатын, қызықпайтын деп бөліп жұмыс істеу қате. Тек сұранысындағы спектакльдерді көрсете берсек, онда біз театрдың сапасын түсіреміз, негізгі үлкен мақсатына жете алмаймыз. Театрдың мақсаты – ұлы қағидаларға тәрбиелеу, үлкен сұрақтарды көрерменмен сахна арқылы талқылау. Міне, басталды, міне, бітті деген оқиғалармен шектеліп қалсақ, онда біз көрерменнің өсуіне, ойлана білетін, түсіне білетін аудиторияның қалыптасуына тосқауыл боламыз.
Дәл сол секілді екі жыл бұрын сахнаға Бертольд Брехтті алып келдік. Қазақ көрерменіне таңсық автор. Әлемдік деңгейде мойындалған ең мықты театр мектебі бар ұжымдар қоятын спектакль. «Мамаша Кураж» – бізде «Пері қатын» деген атпен шықты. Бұл әлемдік деңгейдегі озық шығармаларды жеткізудің бір парасы. Бернард Шоудың қазақ сахнасына келуін ұйымдастырып, «Пигмалион» пьесасын «Сүйікті менің періштем» деген атпен сахналадық. Бұл да қазақ көрерменіне белгісіз, жаңа дүние. Қанша жерден жаңа туындылар желісін әкеліп жатсақ та, көрермен үшін де, театр үшін де М. Әуезовтің әлемдік театр өнеріне қосқан ұлы шығармалары «Қарагөз» бен «Еңлік–Кебек» қойылымдары ерекше ыстық, биік. Бұл классикалық туындыларды жаңа құраммен сахналап, көрермен ықыласына бөленіп жатқан жайымыз бар.
– Білуімізше, бірнеше жыл бойы сахнаға шықпаған қойылымдар қайта тірілуде. Мәселен, осы маусымда ұзақ үзілістен соң «Ромео мен Джульетта» спектаклі қойылды. Шығарманың араға уақыт салып қайта қойылуының себебі неде?
– Сахна өнерінде «Актерлар классикалық туындылар арқылы өседі» деген қағида бар. Сахнада өмір сүруді үйрететін дәл осы классикалық туындылар. Бұл шығармалардың тілі актердің пісуіне оң ықпал жасайды. Репертуарымызда он шақты жыл бұрын қойылған «Ромео мен Джульетта» қойылымында Рамео рөлін сомдаған Шалқар Үркімбаев деген актеріміз кенеттен бақилық болып кетті. Актерлік құрамның жас ерекшеліктері өзгерді. Сол себепті спектакль тоқтап қалды. Ал декорация, реквизиттер, арнайы тігілген костюмдер мен киімдер ыждаһаттылықпен сақталды. Бұл рөлдерге қазіргі жастарымыз да лайық. Бүгінгі көрермен үшін де аталмыш спектакль қызықты, керекті. Осының бәрін ескере келе қайтадан қояйық деп шештік. Ромеоны талантты актеріміз Мағжан Тұрыс сомдаса, екінші құрамда Әділет Базарбай ойнайды. Джульеттаны Индира Құлмағамбет есімді актрисамыз алып шықты. Бұрын осы спектакльдің режиссерінің көмекшісі болған Алма Кәкішева туындыны қайта жасап, тамаша тандем тудырды. Өмірге қайта келген спектакль халыққа ұнады деп ауыз толтырып айта аламыз.
– Театрдың осы маусымдағы, бүгінгі күнге дейінгі тыныс-тіршілігімен таныс болдық. Ал алдағы маусымға қандай жоспарларыңыз бар? Театр ғимараты күрделі жөндеу жұмыстарына жабылмақ. Бұл сіздерге кері әсер етпей ме?
– Мына біз отырған ғимарат өткен ғасырдың 80-жылы пайдалануға берілген. Басқасын айтпағанда, сахнаның бір өзі үлкен технологиялық жабдықтардан жасақталған. Тек еденінің өзінде бірнеше түрлі механизм біріктірілген. Айналмалы, әртүрлі деңгейде қозғалатын, көтеріліп, түсетін 12 алаң бар. Сахнаның төбесі штанкеттер мен софиттерден тұрады. Оған жарық беретін құралдар мен декорация жабдықтары ілінеді. Осының бәрі 40 жылдан аса уақытта ескірді, тозды. Тіпті оларды жөндейтін қосалқы материалдары да бүгінде сатылымда, өндірісте жоқ. Қазіргі таңда қайсысы іске қосуға жарамды, қайсысы жаңартуды қажет ететінін анықтау үшін зерттеу жұмыстары жүруде. Сметалық құжаттама дайындалып жатыр. Сахнаның 90 пайызы жаңарып, жаңартылмақ. Жаңа қондырғылар қойылады. Екі жыл қатарынан күрделі жөндеу жұмыстары мен реконструкция жұмыстары жүретін болады. Дайындық басталып кетті. Әлбетте, мұның бәрі көрерменмен байланысқа, шығармашылық жұмысқа әсер етеді. Театрдың қалыпты жұмысын тоқтатпаудың барлық амалын қарастырып отырмыз. Алдағы екі жылда жаңа қойылым қоя алмаймыз. Дегенмен, репертуарымыздағы 70-ке жуық спектаклімізді көрсете береміз. Бірнеше театрмен келісім жасастық. Бір театрда айына он шақты спектакль қойып тұрсақ болады екен. Көрермен бізді Ғ. Мүсірепов театрынан, Лермонтов, Ұйғыр, Алатау театрларынан табады. Аудитория адаспайтындай жарнама жасаудың жаңа үлгісіне көшеміз. Сонымен қатар, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі үлкен қолдау көрсетіп, алдағы 2024-2025 жылдарды «гастроль жылы» жасамақшы. Қазақстанның облыс орталықтарына, жақын шетелдерге гастрольге шығуымызды қаржыландырмақ. Осы бағытта жұмыс жасаймыз.
– Театрда режиссерлардың жұмысы аса маңызды. Қазіргі режиссерлар буыны мен бүгінгі драматургия турасында не айтасыз?
– «Суырмаңызда қанша пьеса жатыр?» деген әзіл аралас сөзіміз бар. Қоямыз деп жоспарлайтын пьесаларымыз жүз-жүздеп дайын тұрмаса да, бізді құтқаратын қазыналы әдебиетіміз бар. Прозалық, поэтикалық, фольклорлық туындылар бар. Әрине сахнаға лайықталып жазылған драматургия аз. Бірақ, жоқ емес. Жоқ деп айтуға болмайды. Жас драматургтар буыны келіп жатыр. Мұхтар Әуезовтың, Дулат Исабековтың деңгейіне жете қоймаған шығар, дегенімен де қазіргі талпыныс деңгейі қуантарлықтай. Үлкен өнер ордалары Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясы мен Астанадағы Ұлттық өнер университетіндегі театртанушы, драматургтар тәрбиелеу жұмысы өз нәтижесін береді деп ойлаймын. 100 режиссер оқытып, тәрбиелесеңіз, оның бір-екеуі үлкен режиссер бола алса, оның өзі ұлтқа үлкен олжа. Режиссура – зауыттан дайын шығатын дүние емес. Ал қазіргі таңдағы режиссураның жарқын есімдері ретінде Есмұхан Обаев, Әубәкір Рахимов, Әлімбек Оразбек, Алма Кәкішева, жастардан Ерік Нұрсұлтан, Жұлдызбек Жұмабай, Әридаш Оспанбаеваларды атап айтсақ болады. Әсіресе жаңа толқынның сахналық шешім жасаудағы батылдығы қуантады. Қазір режиссерлардың мақсаты таңқалдыру емес. Себебі бүгінгі қоғамды таңқалдыру әсте мүмкін емес. Шедевр тумайтын заман келді. Осы күні шығармашылықпен сүйсіндіру деген жаңа талап пайда болды. Ішкі дүниені апай-топай ететін, идеялық мәні мен шығармашылық келбеті терең қойылым – заман талабы. Заман талабына ілесіп отыру, жаңа бағыт пен жаңа спектакльдер жасау мақсатында «Жаңа пьесалардың оқылымы» деген жоба бастадық. 4 күннің ішінде 10 шақты пьеса оқылды. Жан-жақты талқыладық. Аталмыш жоба драматургиялық туындылардың дүниеге келуіне алғышарт болады деп есептеймін. Бүгінгі моноспектакльдер, камералық пьесалар ертеңгі үлкен сахналық шығармалардың бастамасы.
– Жылдан-жылға актерлік құрам жаңаруда, жасаруда. Болашағынан үміт күттіретін қандай жаңа дарын иелері бар?
– Театрымызда актер деген айдар тағылған 85 адам бар. Асанәлі ағамыз, Тұңғышбай ағамыз, Саят Мерекеұлы, Шонмұрат Нұрасилов сынды майталмандарымыз театрымызда халыққа қызмет етуде. Жастарымыз да жалындап тұр. Ұлттық театр болғандықтан зерделеп, қарап жүріп ең үздіктерді шақырамыз. Бәрі де жүзден жүйріктер. Театр табалдырығынан аттаған әр жас актердан үміт күтемін. Бәріне бірдей мүмкіндік жасалады.
– Қазіргі театр сыншылығы қандай деңгейде?
– Қазақстанда қазір театр сыны ғылыми жолға түскен. Сыншылар – шығармашылық өсудегі ең жақын әріптестеріміз. Сәния Қабдиева, Бақыт Нұрпейіс, Амангелді Мұқан, Меруерт Жақсылықова, Анар Еркебаймен үзбей жұмыс жүргіземіз. Тұрақты түрде «Қара шаңырақ» атты театрішілік фестиваль өтіп тұрады. Сыншылармен бірге спектакльдерді тамашалап, талқылап қана қоймай, жазбаша пікір жинаймыз. Әр сыншы анализ жасап береді. Сын деген айтыла салып, айтылған жерде ұмытыла салатын зат болмаса керек-ті. Режиссерлар мен актерлар айтылған артық-кем тұстарды қарап, ескереді, түзетіп, жетілдіреді.
– Еліміздің әр өңірінде театр жұмысы жанданып жатыр. Қара шаңырақ өзге театрларға темірқазық болса керек. М. Әуезов атындағы Ұлттық драма театрының өңірлерге ықпалы қандай?
– Қазақ театрлары тығыз байланыста. Біраз уақыт бұрын театрлар бір-біріне бәсекелес секілденетін. Ал қазір «Театрлар бір-біріне бәсекелес емес» деген ұғым қалыптастырдық. Бірлесіп шығармашылық тұрғыда ізденеміз, бірлесіп қазақ театр өнерін дамытамыз. Мәселен, «Премьералар апталығы» деген дәстүрлі шара өтеді. Бұл ауқымды шараға республикамыздағы барлық театрлардың басшылары, режиссерлары, көркемдік жетекшілері мен актерлары келеді. Жиында жаңа спектакльдерді тамашалап, «дөңгелек үстелдерде» талдап, шеберлік сағаттары өтеді. Осылайша қара шаңырақ жаңашылдықтарымен де, жинаған тәжірибесімен де бөлісіп отырады.
– Бір жыл бұрын ғана облыс орталығы мәртебесін алған Қонаев қаласының – болашағы зор. Бас жоспарға сәйкес үлкен, сәулетті театр ғимараты салынбақ. Жаңа театр ашып, оның өрісін кеңейту мүмкіндігін қалай бағалайсыз?
– Қай жерден болса да театр ашып, оның шығармашылық бет-әлпетін, келбетін жасауға мүмкіндік бар. Талантты жастар, мамандар көп. Жоғарыда аталған үлкен екі өнер мектебі бар. Өңірлерде де кадр дайындау ісі жандануда. Алайда театр деген бір күнде аяққа тұрып кетпейді. Дайындық керек. Театр – ғимарат емес. Театр деген шығармашылық топ. Дайындық жұмысын жүргізіп, спектакльдер қойып қамдануды бастайтын топты ұйымдастыра беру керек деп ойлаймын. Облыстың базасында болсын, біздің театрдың базасында болсын қазірден бастап шығармашылық топты жинап, репертуарды реттеп әзірленсек нәтижелі болары сөзсіз. Болашақта Қонаев қаласы үлкен мәдени-рухани орталыққа айналарына сеніміміз зор!
Сұхбаттасқан Баян Мұратбекқызы