Бокстан ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов допинг дауына байланысты пікір білдірді. SportPress.kz сайтына берген сұхбатында ол боксшылардың допинг қолданғаны ережені сақтамаудан болғанын айтады.
«Бұл бізге дейін болған. Ол кезде ұлттық құрамада ғылыми топ жұмыс істемеген. Спортшылар ережені сақтамай жүре берген. Үйде витамин ішсе, ол жарты жыл немесе бір жылдан кейін адам ағзасынан шығады», – дейді бас жаттықтырушы.
Сонымен қатар ол бүгінгі таңда спортшылардың қандай дәрумен, дәрі-дәрмек ішетіні қатаң қадағаланатынын айтты.
«Қазір біз бәрін өзгерттік. Боксшыларға тыйым салынған дәрі-дәрмектер, витаминдер ішпеңдер деп ескертеміз. Ұлттық құраманың дәрігері Ирек Сатов ескерту жасайды. Ғылыми топтың басшысы Ғалия Билялова спортшылармен семинар өткізеді», – дейді Мырзағали Айтжанов.
Еске сала кетейік, жуырда Ұлттық допингке қарсы орталық қазақ боксшылары – Абзал Серік пен Саматәлі Төлтаевтың қан құрамынан допинг табылғанын мәлімдеген.