Қонаев қаласында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының әлеуметтік тапсырыс негізінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Тең қоғам» орталығы ашылды.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Айгүл Ахметованың айтуынша, бүгінде облыста мүгедектігі бар 42 мыңнан астам азамат тіркелген.
«Биыл мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалтуға жергілікті бюджеттен 5,0 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. 15594 мұқтаж адамның 11345-і техникалық оңалту құралдарымен, санаторий-курорттық жолдамамен және басқа да қызметтермен қамтамасыз етілді», – деді Айгүл Ахметова.
Жаңадан ашылып отырған «Тең қоғам» қолдау орталығында заңгер-үйлестіруші және психологтар қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, egov.kz, aleumet.egov.kz порталы арқылы мемлекет тарапынан берілетін қажетті құрал-жабдықтарға, курорттық емдеу орталықтарына, протездік-ортопедиялық көмек және сурдо-типлотехникалық заттарға өтініш беруге көмек береді.
Enbek.kz порталы арқылы қоғамдық жұмыстарға орналастыруға жәрдемдеседі. Кәсіп ашамын деген аталған санаттағы азаматтарға мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз гранттарға қатысуға жол сілтеп, оны ұтқанға дейін көмектеседі.
Сондай-ақ, орталықта мүгедектігі бар адамдар мен олардың отбасы мүшелеріне құқықтық, психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, білім алу және басқа да сұрақтар бойынша ақпарат пен кеңес беріледі.
Айжарық Көптілеуов