Алматы қаласында жүріліп, тозған автобустар қала иелігінен Алматы облысының балансына берілетін болды. Бұл туралы бүгін «Алматыэлектротранс» компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.
«Компания мәліметіне қарағанда, Алматы облысы мен Алматы маңындағы аумақтарды дамыту және Алматы қаласының экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында және Мемлекет басшысының газбен немесе электрмен жүретін қоғамдық көліктерге көшу қажеттігі туралы тапсырмасын орындау аясында, 2022 жылы дизельмен жүретін автобустарды Алматы облысы әкімдігінің балансына беру туралы шешім қабылданды. Бұл қадам Алматы облысындағы қоғамдық көлік мәселесін біраз реттеуге мүмкіндік береді», – делінген компания хабарламасында.
Осыған байланысты 2022 жылы қазанда Алматы әкімі «Алматыэлектротранс» компаниясының иелігіндегі дизельмен жүретін 300 автобусты Алматы облысының коммуналдық меншігіне беру туралы қаулы шығарған. Өңірге берілген ЛиАЗ, ГАЗ және ПАЗ автобустарының бәрінің тозығы жеткен.
Облысқа берілген қоғамдық көліктердің орнына Алматы әкімдігі қалаға газбен жүретін 600 автобус алуды жоспарлап отыр. Мұның 100-і осы айдың соңына дейін, қалған 500-і жыл соңына дейін жеткізілмек.