Әуелгі бағыт – Ұлан-Батыр
Астанадан “Отандастар қоры” қоғамынан осы қоғам президентінің кеңесшісі Қалыбек Қобыландин мырза телефон шалып, Монғолия қазақтарының кіші құрылтайына баратын делегация тізіміне енгізілгенімізді хабарлағанда, шынын айту керек, жүрегіміз дүрсілдеп қоя берді. Иә, кәдімгі бір көру арман болған Монғолия, Монғолия қазақтарының шұрайлы атамекені – Баян- Өлгей… Оның үстіне сапардың кері қайту бөлігі Таулы Алтай, Барнаул арқылы өтеді екен. Қалай қуанбассың!
Астанада Халықаралық Түркі академиясында қызмет еткен жылдары – Ақеділ Тойшанұлы, Нәпіл Бәзілхан, Жандос Бәделұлы, Амангелді Құрмет сынды әріптес достар ауыздың суын құртып әңгімелейтін Монғолия елін бір көрудің сәті осылай түсті. Қобыландин мырза сапардың қайту бөлігі екі бағытта, бірі – Ұлан Батырдан ұшақ арқылы, енді бірі – Алтай арқылы мәшинемен екенін айтқанда ойланбастан екінші нұсқаны қабылдадық. Ел көру, жер көруге деген ынтызар іңкәрлік пен алыс сапарларға аңсарлық сезім осы шешімге табан тіретті.
Шіліңгір шілденің басында Алматы әуежайында бас қосқан делегация мүшелері Монғолия елінің астанасы Ұлан-Батырды бетке алды. Кілең атағынан ат үркетін, есім-сойлары елге танымал ерен тұлғалар. Делегация басшысы кәнігі дипломат, “Отандастар қоры” қоғамының президенті Абзал Сапарбекұлы алдағы құрылтайдың мән-маңызы мен шаралар жөнінде қысқаша мәлімет берген соң, бәрімізді бір-бірімізбен таныстырып шықты. Мәжілістің үш бірдей депутаты Жарқынбек Амантай, Үнзила Шапақ және Нұргүл Тау кезінде Монғолиядан қоныс аударған қандастарымыз екен. Дипломатия ардагері Сайлау Батыршаұлы алғашқы Монғолия қазақтарының атамекенге көшін бастауға ықпал етушілердің бірі, Қалыбек Қобыландин – Қазақстанның Монғолиядағы бұрынғы Төтенше және Өкілетті Елшісі болған азамат. Журналист-жазушы, белгілі саясаткер Марат Тоқашбаев, көші-қон саясатының ерен жанашыры Ауыт Мұқибек және “Отандастар қоры” қоғамының қызметкері Лаура Болат қатарымызды толықтырды.
Алматыдан Ұлан-Батырға әуе қатынасын аптасына екі рет монғолиялық “Hunnu Air” жеке әуе компаниясы атқарады екен. Ресей өз әуе кеңістігін пайдалану ақысын батыс санкциясының әсерінен екі есеге көтеріп жібергендіктен ұшу траектериясы Қытай аумағының үстімен өтті. Жеке компания мемлекет емес. Саясатқа бас ауыртпайды. Оларды қызықтыратын таза экономикалық есеп. Бұған Ұлан-Батырда да көзіміз анық жетті. Осында жүрген үш күн ішінде бір де бір ресейлік маркалы автомәшине көзімізге шалынған жоқ. Кілең сүліктей жұтынған кәрістік және жапондық оң рөлді көліктер. Бұған себеп аталған екі елден пайдаланылған көліктер Монғолияға кедендік алымдарсыз сатылады. Бізбен салыстырғанда анағұрлым арзан.
…Монғолия астанасына түн ортасында жаңбырлатып жеттік. Алматымен уақыт айырмашылығы – 2 сағат. Әуежай қаладан 20 шақырымдай қашықтықта. Қонақтарды құрақ ұшып күтіп алған елшілік қызметкерлері Шынар Жұматаева мен Арман Мұратбекұлы бізді қала орталығындағы “Спрингс” қонақүйіне жайғастырды.
Бөтен ел, бөтен жердегі алғашқы әсер қалыптаспаған қалпымызда таңғы асымызды ішкен соң алғашқы ресми шарамызды бастап кеттік.
Налайх. Налайхқа барайық
Монғолияны мекендеп жатқан қандастарымызбен кездесу Налайх ауданында басталды. Аудан орталығы Ұлан-Батырдан 40 шақырым жерде орналасыпты. Негізінен кеншілер мекендейтін шағын қала екен. Бес мыңның үстінде қазақтар тұрады десті.
Делегация құрамы Қазақстан Республикасының Монғолиядағы елшісі Ғ.Қойшыбаев бастаған елшілік қызметкерлерімен және Түркия Мимар Синан университетінің профессоры Әбдіуақап Қарамен толыққан соң аттың басын аудан әкімдігінің ғимаратына тіредік. Осында аудан әкімі Ч.Раднаабазар бастаған аудандық мәслихат депутаттарымен кездесу өтіп, емен-жарқын сұхбат құрдық.
“Отандастар” қоры қоғамының президенті Абзал Сапарбекұлы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың оң ықпалымен бастау алған Моңғолия қазақтарының кіші құрылтайының мақсат-мұраттары туралы кең молынан баяндап берді.
Осыдан соң тобымызды жазбаған қалпымыз Мәдениет үйіндегі жұртшылықпен жүздесуге келдік. Ақ кимешек киген әжелер мен ақ жаулықты аналар атамекеннен келген аяулы қонақтарын шашу шашып, нағыз қазақы дәстүрмен қарсы алды. Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақтың туып-өскен өлкесі осы жер болғандықтан сағынысқан туыстардың қауышуы осы сәтке куә талайлардың жүрегін тебіренткені даусыз. Көз алдарында өскен, тұлымшағы желбіреген кішкентай қыздың бүгін тәуелсіз Отанының заң шығарушы органының білдей депутаты болғанын көріп, бірқатар ұстаздар көз жастарына ерік берді. Шәкірттерінің бүгінгі биігіне сүйінген қуаныштың көз жасы еді бұл.
Делегация мүшелерін елең еткізген бір жайт “Ел бірлігі” үкіметтік емес ұйымы едәуір тірліктер атқарып жатқандығы болды. Осы қоғамдық ұйымның белсенді мүшесі Жеңісбек Қабидоллаұлы ҚР Президенті атынан Моңғолиядағы қазақ тілі мен мәдениетінің сақталып, кеңінен насихатталуына және қазақ-моңғол қарым-қатынастарының нығаюына қосқан үлесі үшін Алғыс хат және төсбелгімен марапатталды. Ал, Налайхта қазақ салт дәстүрі мен әдет-ғұрпын насихаттаушы, қазақи нақыштағы қолөнер шебері Сайлау апа Түлкібайқызы мен “Қазақ азаматтарының даму ұжымы” бейресми ұйымының мүшесі Төлегетай Желбубайұлының өңірлеріне Абзал Сапарбекұлы “Отандастар” қорының Алтын медалін тағып, ел сәлемін жеткізді. “Ел бірлігі” орталығында домбыра және қазақша сөйлеу курстарының жұмыстарымен таныстық. Орталық қызметкерлері ауылда қазақ балабақшасының жоқтығын, жас бүлдіршіндерге арналған түрлі-түсті суреттік кітапшалардың және қазақ тілі мамандарының жетіспеушілігін қабырғалары қайыса отырып, әңгімеледі. Қонақтар білім, әдебиет, өнер салаларында екіжақты тиімді әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру туралы ойларын ортаға салды. Депутаттар дүние жүзіне тарыдай шашылған қандастардың әлеуметтік мәселелерімен бірге шетелдегі қазақ жастарының Қазақстанда білім алуы мен стипендия мүмкіндіктері туралы, көші-қон мәселелері хақында алдағы уақытта қолға алынар шаралар туралы айтты.
Айту оңай-ау, біз бұл орайда Қазақстанның Моңғолиядағы елшілігінің алдында шаш-етектен шаруалар тұрғанын жон-арқамызбен сезіндік. Осындай батпан жүкті мемлекеттер арасын жол қылып, бір елден бір елге қайғысыз-қамсыз көшіп жүре беретін елшілер де сезінсе ғой, шіркін! Түркиядағы елшілігі тұсында талай игі шаралардың басын қайырған Абзал Сапарбекұлы да екеуара әңгіме барысында бұл салада қолға алатын, атан жілік жігіттерге жүк боларлық істердің аз еместігін айтты. Қазір өзі басқарып отырған “Отандастар” қорының осы орайда аяқтан шалушылардың кедергілеріне қарамастан алға қойған мақсаттарын кезең-кезеңімен жүзеге асырып келе жатқанын күрсіне отырып әңгімелеген.
Әлемдегі ең алып ескерткіш: Шыңғысхан!
Налайхтағы ат төбеліндей ғана қандастарымыздың көл-көсір пейілінен де, ағыл-тегіл ақ дастарқанынан да мейлінше тоят тапқан біздер қайтар жолда тағы да ерекше екі ғажайыпқа тап болдық. Бұл – әйгілі Шыңғысхан ескерткіші мен Тоныкөк кесенесі.
Екеуі де ерекше әсер етті!
Шыңғысхан ескерткіші туралы айтып та, жазып та жатыр ғой. Біз де аздаған өз пікірімізді хатқа түсірдік.
Әлем әміршісіне дәл осындай алып кесене-ескерткіштің тұрғылызуы, әрине, заңдылық деп қабылдадық. Ескерткіш дөңгеленген үлкен мұражай-сарай үстіне орнатылған. Әуелі мұражай ішіндегі жәдігерлермен таныстық. Кіре сала көзге бірінші түсетіні – алып етік үлгісі. Иә, кәдімгі жарты дүниені табанымен таптап өткен көшпенділер әскерінің қайқыбас етігі. Оның қасында қамал бұзуға арналып, екі басы темірмен көмкерілген ұзын бөрене. Бөрене үстінде үлкен полотноға Шыңғысханнан кейін хандық құрған 35 мұрагерінің портреттері. Арасында Бату мен Жошының суреттері жоқ…
Аттың артқы аяқтарының ішінен жоғарыға лифт көтеріледі. Үшінші қабат арқылы аттың жалымен тамашалау алаңына шықтық. Қарсы беткейде хан анасы Оэлунға арнап тұрғызылған ескерткіш. Айналасында туристер үшін тігілген ақшаңқан киіз үйлер.
Ескерткіш алапат алып болған соң ба, көз сүріндірер көркемдік элементтерін байқай алмадық. Есіме осыдан бес жыл бұрын Башқұртстан астанасы Өфеде тамашалаған Салауат Юлаевтың Еділге қарап арғымағын қарғытып тұрған ескерткіші түсті. Ол, енді, көркем мүсін өнерінің теңдессіз көрінісі-тұғын. Алдыңғы екі аяғын аспанға көтеріп, тіке шапшып тұрған арғымақтың жамбас бұлшық еттерінің білеулеген тамырына дейін тап басып бейнелеген мүсіншінің шеберлігіне таң қалып, жағамызды ұстағанбыз.
Ал, мына ескерткіш- кесененің басты ерекшелігі ғаламат биіктігі ғана сияқты. Авторлар ұжымы алыстан асқақтап көзге түсетін алып ғимараттық сипатына басымдық берген-ау деп ойладық. Компьютерлік-стандарттық шешім көзге ұрып тұр.
Тоныкөкке тәу еттік
Қайтар жолда делегация басшысы Азбал Сапарбекұлы бізді Тоныкөктің жазба ескерткіштері сақталған алаңға бастады. Күлтегін мен Білге-Қаған бітіктастары бұл арадан 700 шақырымдай қашықтықта болғандықтан бұл жолы оған оған барудың сәті түспейтінін айтты.
Тоныкөктің бітік жазулары қашалған тастар уақытша жабық бір ғимарат ішіне жиналыпты. Болашақта бұл арада үлкен кешенді мұражай салынбақшы екен. Тастардағы бітік жазбалар ғасырлар бойы ашық аспан астында жатқандықтан әбден көмескілене бастаған. Құрылыс жұмыстарын әйгілі Тико атты түрік компаниясы жүргізуде.
Көзімізге шалынған қызық көрініс кесенеден оңтүстік шығыстағы тау беткейлеріне қарай созылып жатқан әртүрлі қалақ тас қирандылары болды. Ұзынды-қысқалы тас үйінділері түзу сызық бойымен бірнеше шақырымға дейін шұбатылып жатыр. Мұның құпия сырын археолог-ғалымдар осы уақытқа дейін әлі таппаған деседі…
Апыр-ай дейсің іштей. Осы өңірдегі күллі түркі жазулары мен ескерткіштерін зерттеп, әлемге танытып жатқан түркі тектес елдер мен батыс ғалымдары. Соңғы жылдары бас офисі Астанада орналасқан Халықаралық Түркі академиясы қазба жұмыстарын жүргізіп, қаншама құнды мұраларды тапты. Енді, міне, Тоныкөк мұраларына да жанашырлық танытып, білек сыбана іске кірісіп отырған бауырлас түрік елі…
Он үш жылдан кейінгі марапат
Келесі күні кіші құрылтай аясында Монғолияның ұлттық университетінде “Қазақстан мен Монғолия қарым-қатынастарының болашағы” тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Бірқанша құнды ұсыныстар ортаға салынды. Түрлі деңгейде екі ел тарапына бағытталған баяндамалар да жасалынды. Қазақстандық депутаттар Қазақстан-Монғолия Парламенттік достық тобының күн тәртібінде тұрған мәселелерді шешуге уақыт оздырмай кірісу керектігін айрықша атап өтті.
Біздің назарамызды ерекше аударған бір жайт – дөңгелек үстелге Монғолияның тұңғыш президенті Т.Очирбаат құрметті қонақ ретінде қатысты. Қазақ достарының арасында баяндамалар мен жарыссөздерді мұқият тыңдап, жайбарақат отырған қарапайым мұңғылды, тіпті тұңғыш президент деп ойламайсың да. Делегация мүшелерімен бірге суретке түсті, шүйіркелесе әңгімелесті. Президенттік институт енгізілгенде тұңғыш басшы болған көрнекті мемлекет қайраткері. Айналасында сүрініп-қабынып қызмет етіп жүрген жандайшаптар, жағымпаздар жоқ. Нағыз мемлекет үшін еңбек еткен қарапайым қайраткер.
Осы шарада қазақ-монғол қарым-қатынастарының дамуына, халықтар достығын нығайтуға қосқан аса зор үлесі үшін бір топ қазақ, монғол қайраткерлері ҚР Президенті Жарлығымен Қазақстанның мемлекеттік наградаларымен марапатталды. Ел Президенті қол қойған, Отаныңның Ақордасынан жеткен марапатты иелену, әрине, жүректерге шуақ себер тебіреністі сәт еді. Оның үстіне ондаған жылдар бойы назардан тыс қалып келе жатқан екі ел қарым-қатынасының жарқын бір көрінісі осы марапат рәсімі болғаны рас.
Марапатталғандардың барлығын тізіп көрсету шарт емес шығар, дегенмен, бірқатар азаматтарды атай кетуді жөн көрдік. Монғолияның Ұлы Мемлекеттік Хуралының депутаты, монғол-қазақ Парламенттік достық тобының тең төрағасы Бәделхан Қабдыісләмұлы «Достық» орденіне, Монғолия Ұлы Мемлекеттік Хуралының экс-депутаты, саясаткер Тілейхан Әлмәлікұлы мен Монғолияның Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі, ғалым, РhD докторы Зұлпықар Сарқытұлы «Шапағат» медаліне ие болды. Бұдан бөлек тағы да ондаған азаматтар еңбегі Қазақстан Республикасы Президентінің төсбелгісімен және Алғыс хатымен атап өтілді.
Дөңгелек үстел соңынан жергілікті қаламгер Сұлтан Тәукейұлының «Сеңгір таулар» кітабының тұсаукесері өтті. Автор бұл романын қазақтардың Монғолиядағы тарихын, тұрмыс-тіршілігін монғол оқырмандарына жете түсіндіру үшін монғол тілінде жазып, соңынан өзі қазақ тіліне аударғанын айтты. Осыдан соң Сұлтан Тәукейұлына Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелік билеті салтанатты түрде табыс етілді.
Өзіндік «Саяси бюро»
Монғолияның Ұлы Мемлекеттік Хуралының Төрағасы Г.Занданшатардың қабылдауы түскі ас барысында жүзеге асырылды. Әдетте, қасаң қағидаларға негізделген ресми қабылдаулардан гөрі дастарқан басындағы әңгіменің анағұрлым өзгешелеу әрі қызықты болатыны белгілі.
Г.Занданшатар мырза амандық-саулықтан кейін аудармашыға уақыт шығындамай екі жаққа да түсінікті орыс тілінде әңгімелесуге рұқсат сұрады. Бұған қуана келісім бердік. Төраға біз бас сұққан салтанатты бөлмеде баяғыда Советтер Одағындағы саяси бюро мүшелерінің ас ішкенін еске салды. Өз кезегімізде біз де өзіндік “саяси бюро” екенімізді, яғни кіші құрылтай мүшелері екенімізді қалжың ретінде айтып, бір күлісіп алдық. Ас та-төк ас мәзірлерінсіз, қарапайым үкіметтік дастарқан жайылып, емен-жарқын әңгіме тиегі ағытылды. Қазақ қонақтардың, сонымен бірге Монғолиядағы қандастарымыздың өтініші бойынша етсіз тамақ тартылды. Себебі, монғолдар малды бауыздамай сояды екен. Яғни, біздің наным-сенімге сайсақ, мұндай малдың еті халал болмақ емес. Ет орнына аса дәмді балық жедік. Біздіңше Парламент Төрағасы Г.Занданшатар тамақ үстіндегі әңгіме барысында Транс-Алтай диалог платформасы аясында ынтымақтастық пен екі ел арасындағы достықтың маңыздылығына тоқталды. Төраға сонымен бірге осы делегация құрамындағы қазақ қаламгерлерін Монғолияда дәстүрлі түрде өтетін әдебиетшілер форумына шақырды. Біз бұл шақыруды қуана құп алдық.
Тамақ соңынан төраға ерекше ықыласты пейілмен қонақтарға естелік-сыйлықтар тапсырып, бірге суретке түстік. Саяси бюро мүшелеріне ғана тамақтануға арналған үкімет үйінің салтанатты да аса құрметті бөлмесінде біздің де ізіміз қалды.
Баурайы көркем Баян-Өлгей
Осы күні кешкісін Монғолия қазақтарының кіші құрылтайының Баян-Өлгейде өтетін негізгі шараларына қатысу үшін Астанадан Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев ұшып келді. Мәлік Нұржанұлы Алматыдан Ұлан-Батырға тіке рейске билет болмаған себепті Оңтүстік Корея, одан Жапония (Осака) арқылы ұшып жетіпті. Әуедегі сапар уақыты он екі сағатқа созылған. Осыны естігенде таңырқай бас шайқастық. Бірақ, дәл осы сәтте Баян-Өлгейден әрі біздің де алдымызда екі тәуліктік қиыр-қиыр сапар жатқанын бағамдамаған екенбіз… Бұл туралы әңгіме алда.
Мәліктің келгеніне бұдан бұрын бірнеше шетелге бірге сапарлас болған Марат аға Тоқашбаев пен Ауыт Мұқибек үшеуміз қатты қуандық. Алыс сапарда жолдас болу адамды қатты жақындастырады емес пе! Баян-Өлгейге жеткенше әңгімеміз таусылар болмады.
Ұлан-Батырдан Шыңғысхан атындағы халықаралық әуежайға барғанша ұзын-шұбақ кептелістен көз аша алмадық. Алматы мен Астананың көлік тығындары мынаның қасында “ойнамай қалады” екен дестік таңырқап. Әу баста мұндай көлік тасқынына есептелмей салынған қала машиналар ағынына әрең-әрең шыдас беріп тұр. Бұған жауынды күндері қала көшелерінің суға толып кететіндігін қоссаңыз, мәселенің ушыға түсерін ұға аласыз. Осы орайдан да болар, Қазақстан тәжірибесіне сүйеніп, Астананы кең жерге көшіру мәселесі де Монғолияда оқтын-оқтын көтеріліп жүргенін естіп қалдық. Біз мінген көлік қаладан шыға алмай қиналса, кіре алмай тұрған темір тұлпарлар тығыны екі-үш шақырым тізбекті құрағанын көргенде төбе шашың тік тұрады. Бір сағат кешігіп, Баян-Өлгейге ұштық.
Әуежайда әуелгі байқағанымыз, қаз-қатар сап тізеген сүліктей қара джиптер болды. Қонақтарды күтіп алуға жергілікті кәсіпкерлер әзірлеген темір тұлпарлар көздің жауын алып, қаздай тізіліп тұр.
Мұнда да ақ самайлы әжелер шашу шашып, ақ сақалды аталар алақандарын ала ұмтылып, ақжарылқап пейілмен қарсы алды. Қуаныштан жанарлары жасаураған қайран бауырлардың құшағы қандай ыстық еді!
Баян-Өлгей Бөкентау деген таудың баурайындағы етек-жеңі жинақы, шағын қала екен. Қазақ кәсіпкерлері тұрғызған он қабатты “Медиана” қонақүйіне орналасқан соң аймақ әкімі А.Камелияттың қабылдауында болдық. Одан соң құрылтай аясында өткен тоғызқұмалақ, қазақша күрес, асық ату жарыстарының жеңімпаздарын марапаттау шарасына қатыстық.
Ертесі Баян-Өлгейдің М.Құрманқан атындағы драма театрында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі М.Отарбаевтың, “Отандастар” қоры қоғамының президенті А.Сапарбекұлының және Қазақстанның Монғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ғ.Қойшыбаевтың қатысуымен құрылтайдың кезекті әрі негізгі шаралары басталды.
Баян-Өлгейде біздің қатарымызға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ғ.Сарыбаев, Мәжіліс депутаты Б.Керімбек және С.Тау бастаған қазақ кәсіпкерлері, сондай-ақ Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің басты труппасы қосылды.
Театр сахнасының мінберіне көтерілген ҚР Президентінің кеңесшісі М.Отарбаев Қазақстан Президенті Қ-Ж.К.Тоқаевтың Монғолия қазақтарының кіші құрылтайына құттықтауын жеткізді. Монғолия Президенті У.Хүрелсүктің құттықтау хатын Монғолияның Мемлекеттік Ұлы Хуралының депутаты Т.Әубәкір оқып берді. Салтанатты жиында аймақ әкімі А.Камелият пен “Отандастар қоры” қоғамының президенті А.Сапарбекұлы бастап, құрылтайға қатысушы қоғам қайраткерлері мен кәсіби дипломаттар қостаған шешендер құрылтайдың мәртебелі мінберінен сөз алды. Әрине, әңгіменің ортақ түйіні екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты бұдан да биік деңгейге көтеру үдесіне тірелді.
Осыдан соң құрылтай аясында М.Құрманхан ескерткішінің ашылуы, М.Құрманхан және Қ.Құсбекұлы туралы кітаптардың тұсаукесері, сондай-ақ Қ.Құсбекұлы атындағы көшенің ашылу салтанаты биік деңгейде ұйымдастырылды.
Сапарлар барысындағы берік қалыптасқан дағдымыздан жаңылмай Мәлік Нұржанұлы екеуміз уақыт тауып, Баян-Өлгей орталық кітапханасы мен құрылғанына 75 жыл толып отырған Баян-Өлгей аймақтық мұражайына бас сұғып шықтық. Ұғып, көңілге тоқыған мағлұматтарымыз аз емес. Бірқатары мыналар: 80 жылдан астам тарихы бар Баян-Өлгей аймағы Монғолияның батыс шебінде теңіз деңгейінен 1300-4300 метр биіктікте, 45,8 мың шаршы шақырым аумақта орын тепкен. Ресей Федерациясының Алтай Республикасымен (225 шақырым), ҚХР-ның Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы районымен (450 шақырым), Монғолияның Қобда (450 шақырым), Увс (165 шақырым) аймақтарымен шекараласады. 95 мың халқы бар, оның 93 пайызы қазақ, қалғандары дөрбіт, уранхай, тыба, халх қатарлы ұлт-ұлыстар. 14 әкімшілік бірлікке (13 сұмын, 1 қала) бөлінеді. Ұлан-Батырдан 1760 шақырым қашықтықта орналасқан аймақ орталығы Өлгий қаласында 32 мыңдай халық тұрады.
Осы күні кешкісін Қарағандыдан келген Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің қандастарға арнаған үлкен концерті қойылды.
Құрылтай делегациясының жұма күнгі ресми жұмыс кестесі Баян-Өлгей аймағының әкімі А.Камелияттың кешкі қонақасымен түйінделді.
“Ағажай Алтайдай жер қайда-ай?!”
Осылай Моңғолия қазақтарының кіші құрылтайы Баян-Өлгей аймағында өз жұмысын жемісті қорытындылады. Елшілік қызметкерлері бастаған делегация мүшелерінің бір тобы Ұлан-Батырды, енді бір тобы Алтай тарабын бетке алды. Сөз басында айтқанымыздай біз ел көру, жер көру ниетімен “Отандастар қоры” қоғамының президенті А.Сапарбекұлы бастаған екінші топқа қосылдық.
Баян-Өлгейдің әкімі нөкерлерімен бірге шекараға дейін келіп, шығарып салды. Монғолия жақтан Ресейге өтуге кезек қырғын. Бізді әкім халықаралық делегация ретінде кезектен тыс өткізіп жіберді. Сөйтіп, түске таман көркем Алтайдың шығыс аузында отырған Қосағаш ауданына келдік. Жолай Жаңа ауыл деген жерде аял жасап, музейіне бас сұқтық. Мектеп асханасынан түскі ас ішіп, жергілікті өнерпаздардың өнерін тамашаладық.
Қосағашта негізінен екі ұлт өкілдері төсекте бастары, төскейде малдары қосылып, тұрып жатыр екен. Қазақтар мен телеңгіттер. Телеңгіттер өздерін Алтай ұлтымыз деп таныстыруға құштар екенін байқадық. Ауылдың орталық алаңында сахна орнатылған, қос киіз үй тігіліпті. Біреуін қазақтар, біреуін телеңгіттер тіккен. Өз қазақ үйіміздің сыры өзімізге жақсы мәлім, біз телеңгіттер үйімен танысуға асықтық. Негізгі айырмашылық бұлар уықтың керегеге бекітілер шетін арнайы имейді екен. Яғни, иіні жоқ. Сондықтан бұлардың үйлерінің кереге мен уық қиылысар тұсы дөңес емес, тік болып келеді. Осыдан келіп, туырлық жабылғанда майысу қаупі күшейеді де қанат саны көбейгенде шаңыраққа тіреуіш (екі жағынан) қойылады. Төрде құрулы шымылдық тұр. Қасында аспалы бесік. Бұларда да шаңырақтағы бала санын сұрамау дәстүрі сақталған. Бесікбаудың оң жағындағы түйіндер ұл баланың, сол жағындағы түйіндер қыз баланың санын білдіреді. Жалпы, киізүй мәдениеті ғана емес егіздің сыңарындай қос ұлттың басқа да ұқсастықтары жетерлік.
Қосағаш ауданының әкімі Серікжан Мұратханұлы мен аудандық мәслихаттың төрағасы Санаш Дидунов қонақтарды енді бір кезекте қазақтар тіккен үйге бастап дастарқан басына отырғызды. Аудандағы қос ұлт өнерпаздарының өнерін тамашаладық. Гиннестің Рекордтар кітабына енген телеңгіттердің көмей әуені ерекше тәнті етті. “Тала” халық ансамблінің үш жігіті кезек-кезек дауыс қырылымен үш бөлімнен тұратын ұзақ эпостан үзінді орындады. Бірінші бөлім “Қарқыра” деп аталады. Төменгі әлем деп ұғындырды. Екінші бөлім – “Көмей”, бұл – ортаңғы әлем. Үшінші бөлім – “Сыбызғы” (өз тілдерінде “Сығым”) – жоғарғы әлем. Мені, әсіресе “Қарқыра” дегендері қатты қызықтырды. Орындаушылардан сұрасам, “Қарқыра” деген телеңгіттердің халықтық эпосы дегеннен басқа аса ештеңе ашып түсіндіре алмады. Баяғыда 90-жылдары қарқаратанушы ғалым Сағатбек Медеубекұлы досымның “Ана тілі” газетінің экспедициясымен Қосағаш өңірін аралағаны есіме оралды. Қарқара туралы сол кезде індетіп сұрай алды ма екен?..
Орталық алаңда қарағандылық Тәттімбет атындағы академиялық ұлттық аспаптар оркестрі керемет концерт берді. Алаңға халық сыймай кетті. Өйткені, дәл осы күні Ресейде Отбасы күні де аталып өтіп жатыр екен.
Кездесу соңында Қосағаштағы 12 мың қазаққа бас ие болып отырған Серікжан Мұратханұлы мен Санаш Дидуновқа “Отандастар қоры” қоғамының Алғыс хаты мен “Алғыс” естелік медалі тапсырылды. Ал, осындағы қазақ мәдени орталығының басшысы Арқалық Сұлтанов ҚР Президентінің төсбелгісімен марапатталды.
Күн бата қосағаштықтармен қимай қоштасып, Таулы Алтайдың терең жықпылды жолдарымен Барнаулды бетке алып, тартып кеттік. Жол бойы сұлулығы көз алмасын суырған көркем табиғат көріністеріне таңдайдың суын жұтып, тамсанумен болдық. Түнгі сағат екілер мөлшерінде тізгіншіміз Маратбек жол шетінде көз шырымын алу үшін аял жасады. 4.30-да қайта қозғалдық. Түнгі жолда онша байқамаған екенбіз, таң бозынан Алтай таулары барынша нұрлы сипатымен құшағын айқара ашты! Түбіттей жеңіл бұлт шоғырлары шоқ балқарағайлар түбінде жусап жатқан жылқының үйірі сияқты орындарынан жайлап қозғалып жатыр. Табиғат тамашасын суреттеуге тіл жетпейді! Қатын өзенімен жарысқан тақтайдай тегіс жол күн арқан бойы көтерілгенде біз мінген көлікті Таулы Алтайдан орманды Алтайға шығарды. “Ағажай, Алтайдай жер қайда-ай” деп ыңылдап ән айтып келеміз.
Бергі ауыл мен арғы ауыл. Ортасында Барнаул
Барнаулға дейін кілең орманды, егісті жазық. Қатын, Би, Объ, Шүй, Арғыт өзендерін кесіп өттік.
Түс ауа бір ұшы Монғолиядан басталған сапарымыздың шекарамыздан тыс соңғы нүктесі Барнаулға жеттік.
Алтай Республикасының орталығы Барнаул қаласындағы халық саны ресми статистикада 700 мың делінеді. Қаладағы қазақтар саны – 22 мыңның төңірегінде көрінеді. Ресми статистика бұл санды мейлінше төмендетіп, он екі мың деп көрсетеді екен. Мұны бізге қазақтардың Алтай өлкелік автономиясының төрағасы Мұрат Бекмұратов құпиялап айтты.
Бұл қаладағы қазақтар легі де қандас бауырларын асыға күтіп отырыпты. Қалалық Мәдениет үйінде бүкіл сапар бойы бізбен бірге жүрген Тәттімбет оркестрі көрермендерге “Ұлы дала сазы” атты ғаламат концерт тарту етті.
Оркестр әлемнің 40-тан асқан елінде гастрөлдік сапарда болыпты. Ал, Барнаулда “Отандастар қоры” қоғамының ұйымдастыруымен тұңғыш рет өнер көрсетті. Концерт соңында қандастарымыз жүректі шымырлатып, “Атамекен” әнін қосыла шырқады.
Концерттің жабылу салтанатын қорытындылай келе, “Отандастар қоры” қоғамының президенті Абзал Сапарбекұлы бәріміздің көкейіміздегі ойды айтты. Ол әріптес екі ел арасындағы саяси-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықпен бірге мәдени байланыстардың да дамып келе жатқанына тоқталып, осы сапардың да халықтар арасындағы достық қарым-қатынасқа оң ықпалын тигізеріне зор сенім білдірді.
Делегация басшысы А.Сапарбекұлы Алтай өлкелік Қазақ ұлттық автономиясының жетекшісі Мұрат Бекмұратовты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төсбелгісімен және Алғыс хатымен марапаттады.
Сонымен қатар, бірқатар белсенді азаматтарға “Отандастар қорының” Алғыс хаты мен “Алғыс” естелік медалі табыс етілді. Сөйтіп, бас-аяғы сегіз күнге созылған Монғолия, Алтай сапары да аяқталды .Әсерлері естен кетпес, қай-қайсымыздың да өміріміздегі елеулі, аяулы сапар көкірегімізде мәңгі жатталып қалары сөзсіз. Сапарластардың бәрі де “Отандастар қорына”, оның басшысы Абзал Сапарбекұлына, Монғолия қазақтарының кіші құрылтайын ұйымдастыруға септігін тигізген Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы Отарбаевқа алғыстарын жаудырып жатыр. Біз де сондай алғыс сезіміміздің сәулелі естелігі ретінде сапарнамамызды қағаз бетіне түсірдік.
Кәдірбек Құныпияұлы,
Алматы-Ұлан-Батыр-Баян-Өлгей-Қосағаш-Барнаул-Павлодар-Астана-Алматы