Халықтың тұрмысын түзетіп, әлеуетін арттырып, өндірісін өрістетіп, экономикасын қанша дамытсақ та, мәдениет саласына серпін бермесек, бәрі де еш кетері анық. Өйткені, мәдениеті өрістемеген ұлттың өзегі кеуек болады. Рухани дамымаған елдің болашағы да бұлыңғыр. Сондықтан, еліміздің түкпір-түкпірінде мәдениет саласын дамыту – кезек күттірмейтін мәселе. Осы мақсатта Ұйғыр ауданындағы Бахар ауылында көптен күткен қуанышты жаңалық болды. Нақтырақ айтсақ, Бахар ауылдық клубы жөндеуден өтіп, заманауи үлгідегі нысан ауылдастарға есігін ашты.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан, ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ, бәрімізге сын. Үкімет ауылды дамытуға арналған барлық жобаны жүйелі түрде реттеп, жинақтауға тиіс. Содан кейін мақсатты түрде тиімді жұмыс жүргіземіз», – деп нақты айтқан болатын. Осы орайда Ұйғыр ауданында әртүрлі мемлекеттік бағдарламалардың негізінде көптеген әлеуметтік нысандар іске қосылып, халыққа қызмет көрсете бастаған. Солардың қатары күні кеше Бахар ауылдық клубымен толысты.
Бұл бахарлықтар үшін көптен күткен қуаныш еді. Өйткені, жылдар бойы қабырғасы қақырап, жылуы жоқ, ұсқыны кеткен клубта мәдени шара өткізбек түгілі, кіріп-шығуға мүмкіндік жоқ болатын. Ауыл азаматтарының өтініші ескеріліп, биыл аталмыш клуб жаңаша келбетке енді. Ауылдық аумақтардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамыту, ауыл тұрғындарының әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қол жетімділігін қамтамасыз ету және тұтастай алғанда өмір сүрудің қолайлы ортасын құруға бағытталған «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде бюджеттен қаражат қарастырылып, ауылдық клуб жаңа көрініске ие болды. «ШАХ» құрылыс компаниясы мердігер ретінде анықталып, келісімшарт негізінде өз жұмыстарын уақытында аяқтады. Клубта 240 орынды көрермен залы, 7000 кітап қоры бар кітапхана, үйірме бөлмелері жасақталып, материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілген.
Ауылдық клубтың ашылу салтанатына ауыл тұрғындары тайлы-тұяғы қалмай келді. Ұйғыр ауданының әкімі Шухрат Нурахунов құттықтау сөз алып, бұл шара туған жеріміздің рухани дамуына және бай, мәдени мұрамызды дәріптеуге зор үлес қосып жүрген шығармашылық адамдарына деген айрықша құрметтің белгісі, сонымен қатар, әрбір ауыл тұрғыны үшін ерекше күн екенін айтып, салынғалы бері күрделі жөндеу көрмеген клубтың сәні мен салтанаты келіскен бүгінгі келбетінің айрықшалығын сөз етті. Ауыл тұрғындарына лебізін білдіріп, Бахар ауылындағы оң өзгерістерге тоқталды. Құттықтау сөзден соң Шухрат Турдахунұлы мен Бахар ауылының қадірлі ақсақалы Қойлыбай Матжан қария ауылдық клубтың лентасын қиды. Келген қонақтар ғимаратты аралап, ризашылықтарын білдірді. Мұнан ары қарай Қарадаланың өнерпаз ұл-қыздарының концерті жаңа жасақталған клуб ішінде жалғасты. Бұл күн бахарлықтар үшін аспанында ән қалықтаған ұлы той болды.
Анар Дүйсенбайқызы,
Ұйғыр ауданы