Алматы облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие алу үшін 4,3 млрд теңге сомасына 593 өтінім мақұлданды. Бұл туралы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз мәслихатында облыс әкімінің орынбасары Алмас Батанов мәлімдеді.
«Ауыл аманаты» жобасы биыл іске қосылды. Аталған бағдарлама аясында ауыл тұрғындары өз ісін дамыту үшін жеңілдетілген несие ала алады. Сол үшін республикалық бюджеттен облысқа 8,3 млрд теңге бөлініп отыр.
«Бүгінгі таңда 22,1 млрд теңге сомасына 3582 өтінім қабылданды. Жұмыс топтары әлеуетті қарыз алушылардың 5,4 млрд теңге сомасына 765 бастапқы құжаттарын жинап, тексеруге жіберді. Сол өтінімдердің 593-і мақұлданды. Биыл 12 шілдедегі жағдай бойынша ауыл тұрғындарына 104,4 млн теңге сомасына 16 шағын несие берілді», – деді Алмас Батанов.
Бағдарламаға Қонаев, Есік, Талғар, Қаскелең қалаларынан басқа, барлық 133 ауылдық округі қатысады. Кәсібін кеңейтуге ықылас танытқандар бағдарламаға қатысып, 2,5 пайызбен 8 млн теңгеден астам несие қаражатына қол жеткізе алады.
Айта кетейік, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының жұмыс тобы аудандарды аралап, «Ауыл аманаты» жобасына байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл жұмыстар ары қарай да жалғасын табады.