Белгілі журналист Есей Жеңісұлының есімі елге кеңінен таныс. Қарымды қаламгер қазақ басылымдарында табысты еңбек етті. Қазір республикалық «Ақ желкен» журналының бас редакторы. Спорт комментаторы ретінде де көрермен көңілінен берік орын алды.
Жуырда «Тұмар» – 2023 ұлттық телевизиялық байқауы қорытындыланды. Сонда Есей Жеңісұлы «Үздік спорт комментаторы» атанды. Жерлесімізді айтулы марапатымен құттықтап, әңгімеге тартқан едік.
– Биыл “Тұмар” ұлттық телевизиялық байқауына алғаш рет Амангелді Сейітхан атындағы «Үздік спорт комментаторы» номинациясы қосылды. Сол марапат сізге бұйырған екен. Сыйлықты иеленгенде қандай көңіл-күйде болдыңыз?
– Ең алдымен, мені осы сыйлыққа лайық көріп ұсынған Qazaqstan телерадио корпорациясының және QazSport арнасының басшылығына мың алғыс! Бәйгенің шарттары жарияланғанда, «оған қатысу үшін телеарна штатында жұмыс істеу керек шығар» деп қоя салғанмын.
Биыл QazSport арнасының он жылдығы. Бұл арнаның қалай құрылғанын, қандай жолдардан өткенін өз көзіммен көрдім, сезіндім, тілеулес болдым. «Қазақстан Барысы» турнирін жүргізуге барғанымда, оның басшылары Нағи Бақытбековпен, Әділет Құсайыновпен сөйлесіп, мерейтойларымен құттықтадым. Сол кезде «Тұмарға» номинант болып тіркелгенімді естідім. Олар солай ұйғарыпты. Не дерімді білмей таңдандым.
«Тұмар» ұлттық телевизиялық сыйлығына «Үздік спорт комментаторы» номинациясын ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі биыл қосыпты. Жасыратын несі бар, бұған дейін спорт журналистері, комментаторлар ешқашан көзге ілінген емес. Сынды да көп еститін – солар. Ал сыйлықты Амангелді ағамыздың атына қоюы да – Ақпарат министрлігінің, осы ведомство басшысы Дархан Қуандықұлының оң шешімі.
Амангелді аға заманауи қазақы комментаторлықтың басында тұрды, мұзжарғыш кемедей жол салды. Сыйлық алғанда қуандым, бірақ қатты толқығаным жоқ. Бірден аузыма сөз түспей қалды. Соным ұяттау болды. Әйтпесе эфирде 7-8 сағат тоқтамай сөйлеп жүрген адамдармыз ғой. «Әншейінде ауыз жаппас, той дегенде өлең таппастың» кері болды.
– Осы саладағы жұмысыңызға қанша уақыт болды? Сізді спорт комментаторлығы несімен қызықтырды? Алғаш рет тікелей эфирге шыққаныңыз әлі есіңізде шығар?
– Жақында ғана журналистикаға келгеніме 25 жыл толды. «Жас Алашқа» Нұртөре Жүсіп аға қабылдап, Бақтияр Тайжан, Сәкен Сыбанбай ағаларымның қасына отырғызғаны күні кеше сияқты еді. Ширек ғасыр зулап өте шығыпты.
Ал комментаторлық дегенді қол жетпес армандай көретінмін. 1998 жылы Францияда әлем чемпионаты өтіп жатқан кезде «Хабар» радиосында өндірістік тәжірибеде жүрдім. Амангелді Сейітхан мен Диас Омаров жүргізген матчтарды қызыға тыңдайтынбыз. Таңғы тоғыз шамасында редакцияға келсек, Амангелді, Диас ағалар 10 минуттық радиошолу жасап шығып бара жататын еді. Сыртынан қызыға қарайтынмын. «Хабар» радиосының бас редакторы Үмітжан Балтақызы маған 10 минуттық шолу жасауды тапсырғанда, ат-тонымды ала қашқаным есімде. Қатты жүрексіндім.
Кейін журналистика жолына түстік. «Жас Алашта», «Жас қазақта» спорт бетін жүргіздім. Сонда іштей өзімнің «комментатор болсам» деген қалауымды әлдилеп жүре беретінмін. 2006 жылы «Хабар» арнасының комментаторлары Асқат Сағынаев пен Сергей Райлян ақырындап эфирге тарта бастады. Орталық стадионда өткен футбол матчтарының соңғы 4-5 минутын олар маған беріп қоятын еді. Сөйтіп, жайлап бой үйрете бастадым.
2007 жылы Алматыдағы «Қазақстан» қонақ үйінің бір үлкен залында кәсіпқой бокс кеші өтті. «Қазақстан» арнасының спорт бөлімінің қызметкері Дина Ысқақова комментатор ретінде мені шақырды. Сәл қорқақтай бастап, 4-5 сағаттық жарысты жүргізіп бітірдім. Бұл жарыс жазылып алынды, эфирге бір күннен кейін шығуы керек. Сөйтсек, дыбыс дұрыс жазылмай қалыпты. Ертеңіне студияға барып, тым-тырыс жерде әлгі жарысты орыстілді комментатор екеуміз қайта жүргіздік.
Ал 2008 жылдың қаңтарында KzSport1 деген кабельдік арна ашылды. Ерік Садықов әріптесім мені сонда шақырды. Ол кезде қазіргідей күшті гарнитура жоқ, алдымызда шошайып тұрған микрофонға бір қолмен жабысып отырып жүргізгенім есімде. Содан бері эфирден алыстағаным жоқ.
– Әрине, спорт комментаторы болу оңай емес. Миллиондаған көрерменнің алдында тосылмай сөйлеу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Осылай дегенде, спорт комментаторына жүктелетін міндет қандай?
– Әр комментатор білімі мен ақылы жеткенше жүргізеді. Менің ойымша, комментатор өзінің мынадай міндеттері барын ұмытпауға тиіс: қазақ сөзіне адал болу, арғы-бергі заңдылықтарын сақтау, яғни «халықтың өзінен алғанды сөзден шекпен жауып, өзіне қайтарып беру»; халыққа, аудиторияға құрметпен қарау, ақылдымсымау, эфирде ештеңе үйретпеу; спорттың тарихынан хабардар болу; мүмкіндік болса, статистиканы өзің жүргізуің керек, өзгенікіне иек арта бермеу; сынға төзімді болу, елдің бәріне ұнауға тырыспау; ең алдымен, өзіңді сыйлау, күнібұрын таусылмау және мардымсып кетпеу. Бәріміз халыққа қызмет етеміз, одан биік ешкім жоқ.
– Сіз кезінде ақындар айтысына қатыстыңыз. Жастайыңыздан шешендік пен суырып салма қасиеттер бойыңызға сіңгені анық. Сол қасиет комментаторлық қызметте өз пайдасын тигізген шығар?
– Айтысты екінші курста доғардым. Мінезіме үйлеспейтінін сезіндім. Бірақ қазір де оп-оңай суырып-салып айта беремін. Бірақ комментаторлық – қызыл тіл ғана емес. Ол, ең алдымен – білім. Талмай ізденіп, бүгінгі матчтың бір айдан кейін-ақ тарих болатынын сезіну керек. Әрине, эфирде өлеңдетіп отырып та жүргізе аламын. Бірақ ол кімге керек? Бізде бір жаман мінез бар. Абай атамызша айтқанда, «өзімізде бармен көзге ұрып, өзгеден артылып тұрғымыз» келеді. Бірақ адам өзінің жасын сыйлауы керек. Жасым қырық беске келді, эфирде жиырмадағы өрендей желп-желп отырсам жараса ма? Сұлтанғали Қаратаев ақсақал маған жиі ескерту жасайтын еді. «Қызыл тілге ерік берме, айтыста отырған жоқсың» деп тоқтататын. Осындай ақылды үнемі жадымда ұстаймын.
– Егер құпия болмаса, хабарға қалай дайындалатыныңыз туралы да айта кетсеңіз?
– Комментатор 24/7 және 365/12 дайындықта жүреді. Кейде тіпті комментаторлық түс те көріп кетесің. Бүгін ерекше ақпарат оқысаң, дереу жадыңа түйіп қоясың. Әдетте матчтар сенбі-жексенбі күндері өтеді. Дүйсенбіден дайындықты бастаймыз, есеп-қисапты тіркейміз, есептейміз, кейде телеграм-арнамызға ерекшесін жариялап та қоямыз. Мысалы, менің қолымда 2008 жылдан бергі футболдан Қазақстан чемпионатының барлық статистикасы, Қазақстан ұлттық құрамасының барлық ойынының деректері, «Қазақстан Барысының» 2012 жылдан бергі мәліметі бар. Қазақстандықтар қатысқан қысқы, жазғы олимпиадалардың талдаулары да қолымда. Жұмыстан қалт ете қалсақ, осындай статистикаға отырамыз. Бұл – көзге көрінбейтін жұмыс. Бірақ эфирде көп көмек береді, құдды қалтадан алғандай кезек-кезек шығарып, әр қаһарманның өнеріне орай айта береміз.
– Осы қызмет барысында көптеген елдерді араладыңыз. Халықаралық жарыстардан хабар тараттыңыз. Сол кезде бастан өткен қызықты оқиғалар болды ма? Еске түсіріп көріңізші?
– ТМД елдерін қоса есептесек, 16 елге табаным тиіпті. Пандемиядан кейін тізім жаңармай тұр, сапарларды сиретіп алдық. Германияда өткен футболдан әлем чемпионатына, «Тур де Франс», «Джиро д’Италия» велобәйгелеріне, олимпиадаларға бардым. Бірақ шетелдерде тікелей жарыс төрінде отырып комментаторлық жасап көрген емеспін.
Шынын айтқанда, комментаторлық – менің қара жұмысым. Негізгі жұмысымнан, яғни «Ақ желкеннің» шаруасынан бос кездерде барып жүргіземін. Сондықтан қазір халықаралық жарыстарға, штаттағы қызметкер болмағандықтан, бара алмаймын.
Ал қызықтар жетіп-артылады. Кейде деректен қателесіп, тіліңді тістейсің, кейде тым жылдам сөйлеп кетесің, кейде басқаның айтқанын қайталап қоясың. Өткен жылы «Үздіктердің үздігі» жарысын жүргізіп отырғанымда, эфирге қонақ келді. Орнымнан тұрып, құрмет көрсетіп, микрофонын қолына беріп отыра бергенімде, орындықтың ашпалы-жаппалы екенін ұмытып кетіппін. Отыра кетсем, жабылып тұр екен, жайрап түстім. Сонда да сөйлеп жатырмын. Қонағым көмектеспек болып қолымнан тартып тұрғызды да, өзі де отыра беріп құлап түсті. Енді мен оның тұруына көмектестім. Күлейін десем, эфирдемін, болмайды. Күлмейін десем, екеуміз де құлап тұрдық. Арқамның ауырып қалғаны және бар. Сонда да өзімізді ұстап, эфирде артық дыбыс шығармауға тырысып, зорға дегенде өз-өзімізге келдік. Мұндай жайттар болып тұрады.
– Қазақ спорт комментаторлары дегенде, ең алдымен бұл тізімді кімдерден бастар едіңіз? Кімді өзіңізге үлгі тұттыңыз?
– Сұлтанғали Қаратаев, Рабат Жәнібеков, Қынабай Аралбаев, Диас Омаров, Төлеген Жұмабеков, кім бар, бәрін үлгі тұттым. «Жас Алашта» жүргенде, Сәкен ағайым Котэ Махарадзе, Владимир Маслаченко сияқты мықты орыстілді комментаторлар жайлы көп әңгімелейтін, Махарадзенің кейбір жылы естеліктерін айтатын. Өзім Владимир Перетурин мен Виктор Гусевті тыңдап өстім. Кейін Уткин мен Черданцевтерің репортаждарын түнделетіп НТВ-дан көріп-тыңдап, таңдай қағатынбыз.
Ал жаңаша қазақы комментаторлық дәуірді Амангелді Сейітхан бастап берді. Сол кезде ағамызға қандай қиын болғанын, қандай қасаң қалыпты бұзып-жаруға тура келгенін кейін түсіндік қой. Артында сөз қалды, тамаша үлгісі қалды. Амангелді ағамыздан мен кеңдікті үйрендім. Ол кісіні сынамаған адам жоқ. Бірақ бірде-біреуімен бет жыртысып, артық сөзге барып, итше ырылдасқанын көрген емен. Тіпті қолында билігі барлар эфирден көпе-көрнеу шеттетіп тастағанда да шағынған жоқ, журналистиканың соқасын тартып жүре берді. Мен де лажы келсе сынағандарды елемей қоя салғым келеді, бірақ кейде артық кетіп қалатынымды да сеземін. Қатарластарым Ғалым Сүлейменнен, Сергей Райляннан, Асқат Сағынаевтан да көп нәрсе үйрендім.
– Артыңыздан еріп келе жатқан ізбасарларға қандай кеңес берер едіңіз?
– Бұл сұраққа жоғарыда жауап беріп өткен сияқтымын. Дегенмен қазіргі жастардың еркіндігі бізде жоқ. Эфирде қорықпай түрлі экспериментке бара береді олар. Осынысы ұнайды, бірақ қазақ сөзі бүлініп кете ме деген алаңым да жоқ емес. Ержан Көшкінбай, Жандос Байділдә, Ермек Төренияз, Уәлихан Қосанбай, Ермұхамед Мәулен, Әлімжан Асқар, Руслан Бақытжан, Қайырхан Мәулен, Есбол Қарағұл, Рауан Оқас, Олжас Байбосын, Азат Мұхамбек, Айбек Сайлау сияқты сақа жігіттердің өз аудиториясы, өз тыңдармандары бар.
Ең бастысы, білім жинау керек. Мысалы, өткен жылғы футболдан әлем чемпионаты қарсаңында Уәлихан бауырым «Абай жолын» тағы бір оқып шығыпты. Мұхаңның дария-шалқар тіл байлығы Уәлиханға көмектеспеді дейсіз бе? Шынымды айтсам, тауып сөйлеген де жақсы, дегенмен қазақтың сөзінің «құлағын кесіп құнтитпаған, мұрнын кесіп шұнтитпаған» әлдеқайда жақсы. Кейде жастардың эфирде спорт терминдерін қазіргі рэп ыңғайымен қойыртпақ жасап отырғанын көріп, күйіп кетем.
Бүгінде жастардың бәрі әлеужеліге тәуелді. Сондағы аудиториясының ықыласын жаулау үшін қазақы сөзді құрбан етіп жататыны ұнамайды. Не анда жоқ, не мұнда жоқ, шолт-шолт еткен сөз жарысы қазақтың ең үлкен қазынасын – сөйлеу өнерін мансұқтап жатқандай көрініп кетеді. Бірақ әркім ақылы жеткенше әрекеттенеді.
Мен ешкімді түзей алмаймын, түзеуге әрекеттенбеймін де, ешкім де менің түзеуімді қажетсінбейді. Ең бастысы, үнемі өсіп отыруға тырысу керек, ол үшін білім жиғаннан артық ештеңе көргенім жоқ.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Болат Мәжит