Алматы облысы кейінгі жылдары ұлттық спорт түрлерімен тұрақты айналысатындар саны күрт артқан өңірлер қатарына енді. ҚазАқпараттың хабарлауынша, елімізде кейінгі 3 жылда ұлттық спорт түрлерімен жүйелі түрде айналысатын қазақстандықтардың саны 35 пайызға артты. Салыстырмалы түрде алғанда, 2020 жылы 432 мың адам ұлттық спорт түрлерімен айналысса, 2022 жылдың соңында бұл сан 584 мың адамға жеткен.
Ең үлкен көрсеткіш Түркістан облысында тіркелді – 28 мың адам. Өңірде барлығы 110 мыңнан астам адам ұлттық спорт түрлерімен айналысады. Одан кейінгі орындардағы Жамбыл облысында 40 мың адам, Алматы облысында 39 мың адам айтулы спорт түрлерін жанына серік еткен.
Ұлттық спорт түрлерімен айналысатын спортшылар саны Қостанай, Қызылорда, Павлодар Солтүстік Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласында бірден 10 мыңға өсті. Аталған облыстарда барлығы 120 мыңға тарта адам ұлттық спорт түрлерімен шұғылданады.
«Ұлттық спорт түрлері танымалдылығының артуы — Мәдениет және спорт министрлігінің ұлттық спортты дамыту бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесі. Әрине, бұл ірі халықаралық турнирлерді өткізу ғана емес. Мысалы, қажет инфрақұрылым құрылысы жүріп жатыр, елімізде 16,5 мыңнан астам жаңа үйірме ашылды, жарыстарды өткізу форматы да өзгеріп жатыр», – дейді Мәдениет және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек.
Алматы облысында ұлттық спорт түрлері кейінгі жылдары жүйелі насихатталып, кең қанат жайып келеді. Биылдың өзінде өңірде республикалық және облыстық деңгейде ұшқыр бәйге жарысы, ұлттық және ат спорты түрлерінен бірнеше чемпионат өткізілді. Бұдан бөлек бүгінде әр мереке сайын көкпар, бәйге, жамбы ату, теңге ілу, қыз қуу, аударыспақ сияқты ұлттық және ат спорты түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып тұрады. Ал наурызда Өзбекстанда өткен халықаралық турнирде Алматы облысының «Алатау» көкпар командасы топ жарып, жеңімпаз атанған.