Адамдардың қаза болуына рұқсат етілмеген аумақта суға түсу, қауіпсіздікті сақтамау, мас күйінде шомылу себеп болып отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз мәслихатында облыстық Төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері, лейтенант Артем Тютеров мәлімдеді.
Қапшағай су қоймасының бойындағы 7 жағажайда шомылуға ресми рұқсат етілген. Басқа жерлерде жүзуге тыйым салынған. Шомылуға арналған ресми орындарды ұлғайту мақсатында «Алматы облысының су обьектілерінде жаппай демалыс және туризм орындарын белгілеу туралы» қаулысын қабылдау бойынша жұмыс жүргізілуде.
«Осы құқықтық актіні қабылдау арқылы шомылуға рұқсат етілген орындар санын 7-ден 44-ке дейін ұлғайту жоспарланған. Бүгінгі таңда бұл жұмыс облыстың мүдделі мемлекеттік органдарымен келісу сатысында тұр. Сонымен қатар, су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін облыс орталығын дамытудың кешенді жоспарында 2024-2026 жылдар аралығында өңірде құтқару стансысы мен Төтенше жағдайлар департаментінің 4 мобильді құтқару бекетін салу көзделген», – деді Артем Тютеров.
Брифинг барысында биыл шомылу маусымы кезінде профилактикалық іс-шараларды күшейту үшін жергілікті бюджеттен 36 млн 454 мың теңге бөлінгені айтылды.
Департамент суда адамдардың өліміне жол бермеу үшін тиісті шаралар қабылдауда. Судағы қауіпсіздіктің қарапайым ережелерін сақтау бағытында үгіт-насихат жұмыстары үзбей жүргізіліп келеді.
«Қапшағай су қоймасының аумағына патрульдеу үшін 10 құтқарушы мен 5 жүзу құралы тартылған. Осы күнге дейін жергілікті полиция қызметімен және еріктілермен бірлесіп 164 рейд жүргізілді. 114 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға 1 млн 500 мың теңге айыппұл салынды», – деді облыстық Төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері, лейтенант Артем Тютеров.
Алма Есенбай