Алматы облысының дәрігерлері
салмағы 850 грамм болып туылған нәрестені аман алып қалды.
“Ағымдағы жылдың мамыр айында аурухананың перзентханасына 27 апталық жүктілікпен жас әйел келіп түсті. Науқаста мерзімінен бұрын толғақ басталып кеткен. Дәрігерлердің көмегімен жас ана салмағы 850 грамм болатын нәресте туды. Баланың туғандағы салмағы тым аз болғандықтан, жағдайы ауыр деп есептеліп, бірнеше күн өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды. Тиісті емдеу жүргізіліп, сапалы жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілді.
Жаңа туған нәрестелерді реанимациялау бөлімінің білікті мамандары мен тәжірибелі дәрігерлерінің арқасында екі айда баланың салмағы 1600 грамға жетті. Қазіргі уақытта бала мен ана Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасына аман-есен ауыстырылды”, – деді бөлім меңгерушісі Салтанат Махмудқызы.
“Мен облыстық аурухананың перзентхана бөлімшесінің барлық дәрігерлеріне алғысымды білдіремін. Олар баламның өмірін сақтап қалды”, – дейді жас ана.
Әлемдік статистикаға сәйкес, жыл сайын 15 миллионға жуық бала шала туады. Яғни, әрбір 10-шы нәресте мерзімінен ерте дүниеге келеді.
Сонымен қатар, соңғы жылдары мерзімінен бұрын
туған бала санының тұрақты көбейгені байқалып отыр. Шала туған нәрестелерді күту үшін ең жоғары технология, қарқынды күтім қажет.
Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының перинаталдық бөлімшесінің дәрігерлері жаңа туған балаларға да, олардың аналарына да барлық қажетті көмекті көрсетуге мүмкіндіктері бар.
Айта кетейік, Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасында 1313 бала дүниеге келген, оның 236-сы шала туған деп саналады. Дәрігерлер шала туған нәрестелерге толыққанды күтім жасаса, дені сау балалар қатарына тез қосылатынын айтады.