Алматы облысында өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өртті бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Самат Кенжехан хабарлады.
«Облыста өрт қаупі жоғары кезеңде 21 рет құрғақ шөпті өртеу дерегі тіркелген. Қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін 23 жеке және заңды тұлға жауапкершілікке тартылып, 1 млн 483 мың теңге айыппұл салынды», – деді Самат Кенжехан.
Алматы облысында 1 млн 480 мың гектарды орман алқабы алып жатыр. Табиғи өрттің туындау қаупін азайту мақсатында ауыл шаруашылығы өндірушілерімен, орман пайдаланушылармен түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Орман шаруашылығы мекемелері мен ерекше қорғалатын аумақтардың қарауында 16 өрт сөндіру стансысы бар. Жауынгерлік есепте 24 өрт сөндіру техникасы, 44 бейімделген техника, 29 трактор тіркеме жабдығымен қамтылған. 183 өрт сөндіруші қызмет етеді.
«Жалпы, бұл бағыттағы жұмыс қатаң бақылауда және ол қауіпті кезең аяқталғанға дейін жалғасады», – деді облыстық ТЖД мемлекеттік өртті бақылау басқармасының бастығы.