Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы (ЖАҰСО) Алматы облысы мен Алматы қаласы бойынша атқарған жұмыстарын қорытындылады. Өңірлік коммуникациялық қызметте өткен брифингте Алматы облысы бойынша Жол активтері сапасының ұлттық орталығының зертхана меңгерушісі Айдын Әшірбеков облыста жарты жыл ішінде 792 жол-құрылыс материалдарының сынамасы тексерілгенін, оның 273-і (34%) стандарт талаптарына сәйкес келмейтінін атап өтті. Республикалық маңызы бар жолдар бойынша 365 сынама, ал облыстық, аудандық және ауылдық жолдар бойынша – 340 сынама алынған.
«Біздің филиалда диагностикалық жұмыс жүргізіп жатырмыз. Автомобиль жолдарын диагностикадан өткізудің негізгі мақсаты ағымдағы жай-күйлер, параметрлердің сәйкестігі және пайдалану жағдайындағы талаптарға сипаттамалары туралы объективті ақпарат алу болып табылады. Негізгі міндеттер-жол құрылысын тексеру, бағалау, көлікті пайдалану және базаны қалыптастыру. Былтыр диагностикада 1619 шақырым, биыл – 699 шақырым жол тексерілді. Яғни, жыл соңына дейін біз өткен жылғы көрсеткіштен асамыз. Ведомстволық сараптама өткен жылға дейін тек республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын тексерді, биылдан бастап аудандық және ауылдық жолдарға сараптама жүргізіледі», – деп толықтырды ол.
Алматы облысы бойынша филиалдың деректеріне сәйкес, жыл басынан бері республикалық желі бойынша барлығы 238 нысан, жергілікті жолдар бойынша (облыстық, қалалық, аудандық) 146 нысан зерттеліп, ақаулар анықталды. Мәселен, республикалық желі бойынша 305 ақау анықталып, оның 201-і жойылды (66%), 104 ақау (34%) бойынша жұмыс атқарылып жатыр. Жергілікті жолдарда 36 ақау анықталды. Тапсырыс берушіге ақауларды жою туралы ескерту мен тиісті хаттар жолданды.
Алматы қаласы бойынша ЖАСҰО мамандары 98 рет жол учаскелерін аралап тексеру жүргізген, нәтижесінде асфальтбетон қоспасын төсеу технологиясы бұзылған 46 жағдай анықталды. Айталық, асфальтбетон жабыны тиісті қалыңдықта төселмеген, қоспаның негізі дайындалмаған, негізді тегістеу және басқа да жұмыстар дұрыс жүргізілмеген.