Алматыдағы «Alatau Creative Hub» орталығында «Махмұд Қашқари кітапханасы» атты түрік әдебиетіне арналған кітап бұрышы ашылды.
Игі шараны Түркия Республикасының Алматыдағы бас консулдығы, Түркі тарихы және мәдениеті қоры «TURKTAV» және қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастырды.
Түркия Республикасының 100 жылдығына және «ТҮРКСОИ» ұйымының 30 жылдығына орайластырып өткізілген бұл іс-шара ¬ Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени қарым-қатынастардың нығаюына ықпал етіп, бауырлас елдердің өзара ынтымақтастығын арттыруды көздейді.
Орталыққа келгендер алдымен Түркия Республикасы Президент аппараты жанындағы мемлекеттік архив басшылығы тарапынан әзірленген екі мемлекет арасындағы ежелден бергі байланыстарды көрсететін тарихи құжаттардан тұратын көрмені тамашалады. Сонымен қатар, Түркі тарихы және мәдениет қоры сыйға тартқан ¬ әдебиет, өнер, тарих, философия, ғылым тақырыптарында жазылған 2 мыңға жуық түрік тіліндегі кітаптармен танысуға мүмкіндік алды.
Алматы қалалық мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев арнайы бұрышының ашылуымен құттықтады. Түркиядан келген қонақтарға ризашылығын білдірді.
Жиын барысында Түркия Республикасы Президент аппараты жанындағы мемлекеттік архивтің басшысы Угур Унал, Түркия Республикасының Алматыдағы бас консулы Али Рыза Ақынжы шамамен 1008-1102 жылдары өмір сүрген Махмұд Қашқаридың (Абдулхасан Махмұд ибн Хузейр әл-Қашқари) түрік тілдері мен мәдениетін зерттеуге қосқан елеулі үлесіне, түрік лингвистикасы мен лексикографиясын дамытудағы еңбектеріне тоқталды.
Оның мұрасы түркітану ғылымының дамуына, түрік тілдерін үйренуге айтарлықтай үлес қосатыны түсінікті. Бұл ғалымдар үшін құнды ақпарат көзі болып қана қоймай, зерттеушілерді түркі өркениетін зерделеуге де айтарлықтай үлес қоспақшы.
Қонақтар осы жолы кітапханаға Алтын Орда билеушілері мен Осман мемлекеті арасындағы қарым-қатынасты айқындайтын хат-хабарлардың көшірмесін ала келгендерін де жеткізген.
Қуат Қайранбаев