Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, VIII шақырылымдағы парламенттің I сессиясының қызметі туралы мәлімет берді.
Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуде Ерлан Қошанов сессия жұмысы басталғаннан бері мәжілісмендер 82 заң жобасын қарағанын, оның 20-сына депутаттардың өздері бастамашы болғанын айтты. Депутаттар қараған заң жобалары арасында заңсыз иемденілген активтерді қайтару, онлайн-платформалар және онлайн-жарнама, Семей ядролық қауіпсіздік аймағы, сұйытылған газ айналымы, электрлі самокаттардың қозғалысын реттеу туралы және басқа да заңдар бар.
Мәжіліс спикері елімізде жүргізілген конституциялық реформаның нәтижесінде палатаның жұмыс форматына енгізілген өзгерістер жөнінде айтты. Оның сөзінше, мәжілістің 6 партиялық фракциядан, сондай-ақ бір мандатты депутаттардан жасақталуы заң шығару жұмысының ашықтығын арттырып, сайлаушылармен кері байланысты күшейтті. Мәселен, депутаттар үкімет мүшелеріне жолдаған сауалдарында азаматтардың өзекті мәселелерін көбірек көтере бастады.
Өткен сессия барысында алғаш рет жылумен қамтамасыз ету саласындағы басқаруға қатысты Жоғары аудиторлық палатаның есебі тыңдалды және аталған салада кешенді проблемалар бар екені анықталды.
Мәжілісмендер қоғамдағы, соның ішінде өңірлерге жасаған сапарлары кезінде жинақтаған проблемалар бойынша жауапты министрліктер басшыларының алдына бірқатар нақты мәселе қойды. Сессия кезінде еліміздегі жылу электр орталықтарын және жылумен қамтамасыз ету желілерін жаңғыртуға ерекше назар аударылды.
Қазіргі таңда депутаттар өңірлерде халықпен кездесулер өткізіп жүр. Ерлан Қошановтың айтуынша, депутаттардың өңірлерге сапары барысында келесі сессиясында қаралатын су, бюджет, салық және қала құрылысы кодекстерінің жобалары бойынша талқылаулар ұйымдастырылып, ұсыныстар жинақталады.