Елімізде 1-сыныпқа құжаттарды қабылдау бір аптадан соң, яғни 2023 жылдың 1 тамызында аяқталады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің орта білім комитеті ескертеді.
Өтініш беріп үлгермеген ата-аналар құжаттарды Еgov.kz электронды үкімет веб-порталы және жергілікті атқарушы органдардың ақпараттық жүйелері арқылы тапсыра алады.
Бірінші сыныпқа балалар 6 жастан бастап ата-анасының немесе баланың заңды өкілінің өтініші негізінде қабылданады. Сондай-ақ, денсаулық жағдайы туралы құжаттар (026/у-3 нысаны және 065/у) және 3х4 өлшемді 2 фотосурет қоса тіркелуі тиіс.
Биыл құжат қабылдау 1 сәуірден басталып, 4 айға жуық уақытта 350 453 өтініш түскен, бірінші сыныпқа қабылданған балалардың 71,2%, қазақ тілінде оқытатын мектептерді таңдаған.
Алдын ала болжам бойынша, жаңа оқу жылында 410 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барады деп күтілуде.