Каратэ спортынан Малайзияда өткен XIX Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы бірінші орын иеленді. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Дүбірлі додаға 31 елден 400-ден астам спортшылар қатысты. Ел намысы сынға түскен ересектер арасындағы жарыста қазақстандық каратэшілер 3 алтын, 4 күміс және 4 қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға көтерілді.
Алтыннан алқа таққандар – Қайсар Алпысбай Нұрқанат Әжіқанов және қыздар арасында Софья Берульцева. Дидар Әмірәлі, Мөлдір Жаңбырбай, Гүлмира Үсеновалар күміске қол жеткізді. Ал Жоламан Биғабыл, Лия Қошқарбаева, Данияр Юлдашев және Абылай Төлтай қола медальді еншіледі.
«Спортшылардың әрқайсысын құрлықтық біріншілікте жеңіп алған марапаттарымен құттықтаймын! Бұл шынымен де тарихи нәтиже. Команданың жаттықтырушылар құрамына алғыс айтқым келеді. Алдағы Азия ойындарында да осындай нәтиже көрсетуге тілектеспін», – деді Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.