«Алматы-Астана» автожолында екі көлік соқтығысып, бес адам мерт болды. Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, қайғылы оқиға 26 шілде күні күндізгі сағат 11 шамасында болған. Toyota Corolla маркалы жеңіл көліктің 29 жастағы жүргізушісі «Алматы-Астана» жолының 225 шақырымында келе жатып қарсы жолаққа шығып кетіп, Toyota Camry маркалы көлікпен соқтығысқан. Салдарынан екі жүргізуші мен үш жолаушы оқиға орнында алған жарақаттарынан көз жұмды.
Департамент Жамбыл аудандық полиция бөлімі көлік апаты бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабымен іс қозғап, тергеу шараларын жүргізіп жатқанын айтады.
Өткен аптада Түркістан, Атырау, Абай облыстарында болған екі жол апатынан 24 адам қаза тауып, 16 адам жараланған. Ішкі істер министрлігі жол-көлік оқиғаларының алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатқанына қарамастан, қала маңындағы трассаларда үш немесе одан көп адам қаза табатын қайғылы жағдайға ұшыратытын апаттардың көбейгеніне алаңдайды.
Ведомствоның талдауына сәйкес барлық жол-көлік оқиғалары жүргізушілердің асығыс жүріп, алдындағы көліктен озу үшін қарсы жолаққа шығуынан болады. Жылдамдық жоғарылағанда жүргізушілер көлік рөліне ие бола алмай, келеңсіз оқиғаларға ұшырайды. Жол апаттарының 95%-ы жүргізушілердің немқұрайлығы мен салғырттығынан болады.
Жол қателікті кешірмейтіні белгілі, сондықтан жүргізушілердің асықпағаны жөн. Ішкі істер миинстрлігінің әкімшілік полиция комитеті осы қайғылы жол апаттарын ескере отырып, жолда жүретін азаматтарды көлік жылдамдығын арттырмауға және көліктер арасындағы қашықтықты қатаң сақтауға шақырады.