«AMANAT» партиясы мен «Halyk bank» бірлесіп қолға алған «Қарызсыз қоғам» жобасы жоба аясында Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Іле, Қарасай, Кеген, Талғар аудандарында 3 500 адам қаржылық сауатын арттырды. Жоба бойынша жыл соңына дейін Алматы облысында жалпы 10 мыңнан астам азаматтың қаржылық сауатын арттыру жоспарланған.
«Қарызсыз қоғам» жобасы тұрғындардың қаржылық сауатын арттырып, әл-ауқатын жақсарту мақсатында қолға алынған. Бүгінде Еңбекшіқазақ ауданында қаржы мамандары халықты тегін оқытып жатыр. Қатысушылар қаражатын тиімді басқаруды, табысы мен шығындарын оңтайландыруды үйренеді. Осылайша, қарызы бар жандардың қаржылық сауатын арттыру көзделіп отыр.
Алматы облысы бойынша «Қарызсыз қоғам» жобасының менторы Зәмзәгүл Сламбекова курс халыққа пайдалы жоба екенін, тұрғындарға ұнап жатқанын айтады. «Ауыл азаматтары қаражатты үнемді, тиімді жұмсауды үйреніп келеді. Осы мақсатта қатысушыларға түрлі дәріс өткізіп, үй тапсырмасын береміз және пайдалы мәліметтерді бөлісеміз. Сарапшылар кіріс-шығысты есептеуді, қаржыны ұтымды жоспарлауды, дұрыс мақсат қоюды үйретеді», – дейді Зәмзәгүл Сламбекова.
Оның сөзінше, қаржылық сауатты арттыру курсына орта жастағы азаматтардан бөлек ақжаулықты аналар мен қазыналы қарттар да қатысып жатыр. Мәселен, С.Т. есімді зейнеткердің 22 жастағы баласы соңғы екі жылда құмар ойынға тәуелді болып, онлайн микроқаржылық ұйымдардан 6 несие рәсімдеген. Ұлында тұрақты табыс болмағандықтан несиесін төлей алмай, коллекторлық компаниялар ата-анасына қысым көрсете бастаған.
«Ұлының берешектерін екі зейнеткер өз мойындарына алып, зейнетақысынан төлеп жүрген. Баласының шоттары бұғатталып, несие тарихы бұзылғанына байланысты ешқандай кәсіппен айналысуға мүмкіншілігі болмай, тұрақты жұмыс орнына тұра алмаған. Осы мәселе ата-анасының денсаулығына кері әсер етіп, көп ауыратын болдық деп шағымданды», – дейді ментор.
Зәмзәгүл Сламбекова қаржы курсынан кейін несие төлемдері мен құжаттарын талдау нәтижесінде зейнеткердің баласы 4 несиесін толық жабуға мүмкіндік алғанын атап өтті. Шоттары бұғаттан шығарылып, екі несиесі бойынша төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімі жүргізіліп жатыр. Қазір азамат жұмыс тауып, таяуда жұмысқа шығатынын мәлімдеген.
Айта кету керек, оқуға қатысқан тұрғындардың 95 пайызы банктер мен микроқаржы ұйымдарына берешек. Олардың көпшілігі бірнеше несие өтеп жатқаны анықталды.