Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Кеген ауданына іссапармен барып, бірқатар нысандарды аралады.
Өңір басшысына Ақтоғай су электр стансасы құрылысының жобасы таныстырылды. Аталған жобаның құрылыс жұмыстары 2026 жылға дейін созылады деп жоспарлануда. Мамандар алдағы уақытта Ақтоғай СЭС-і қуаттылығы 220 мВт электр энергиясын өндіруге мүмкіндігі бар гидрокешенге айналады деп отыр.
Нысан құрылысына қызығушылық танытқан инвесторлар қатары да аз емес.
«Жоба әлі талай өзгеріске түсетіні анық. Ең алдымен экологиялық және энергетикалық сараптамадан өтуі қажет. Инвесторлармен кездесуіміз керек. Қаржыландыру жағын ойластырамыз. Осы жұмыстардың бәрін тиянақтап, жобаны пысықтап Үкіметке жолдайтын боламыз», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Бұдан кейін облыс әкімі Ө.Жаңабаев атындағы орта мектепке атбасын бұрды. Қазіргі таңда аталған білім шаңырағында күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ жергілікті тұрғындар мердігер компанияның жұмысына көңілдері толмайды. Өйткені мұндағы құрылыс баяу жүріп жатыр. Бір айдан кейін оқушылар мектепке барады. Халық соған алаңдаулы.
Облыс әкімі мердігер компанияның жұмысын сынға алып, мектеп құрылысын дер кезінде аяқтауды тапсырды.
«Тұрғындардың толассыз шағымынан кейін білім шаңырағына арнайы келіп отырмыз. Нысанды уақытында тапсырыңыздар. Жұмысшылар санын көбейтіңіздер. Сіздердің компанияларыңыздың иммджі облыста жақсы емес. Соны дұрыстаңыздар. Мұндағы әр жұмысты аудан әкімі қадағалап, маған баяндап отырады», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Облыс әкімінің назарындағы келесі нысан – Тасашы ауылындағы ет комбинаты болды. Комбинатта тәулігіне 50 ірі қара, 150 ұсақ мал, 10 жылқы сойылады. Жылына 2500 тоннадан астам ет, 330 тонна шұжық, 70 тоннаға жуық консерві өндірілмек.
Компания өкілінің айтуынша, мал бордақылау алаңын салуға қосымша жер телімі керек. Сонымен қатар субсидия, кадр тапшылығы мәселелері де сөз болды.
Марат Сұлтанғазиев кәсіпкерлерге жүн-тері өңдеуді қолға алу керектігін ескертті.
«Егер зауытта жүн-тері өңдейтін жер болса, адамдар ет өткізуге өздері-ақ тартылады. Осыны қолға алыңыздар. Инженерлік желіні тартуға қаржылай көмектесеміз. Бизнесті қолдау тетіктерінің барлығын қолданамыз», – деді облыс әкімі.