Қонаев қаласындағы көпсалалы аурухананың дәрігер-травматологтары тұңғыш рет жаңа әдіспен ота жасап, пациенттің саусағын аман сақтап қалды.
Күні кеше 28 жастағы ер адам ауыр қол жарақатымен ауруханадағы травмотология, ортопедия және нейрохирургия бөліміне келіп түскен. Дәрігерлер пациентті тексере келе, жағдайы өте мүшкіл екеніне көздері жетеді. Жігіттің оң қолы қатты зақымданған. Ауыр соққыдан саусақтары жаншылған. Әсіресе, бесінші – шынашақ саусағы қатты қысылғаны соншалық, оны аман сақтап қалу екіталай еді.
Ғалым Қожекенов бастаған дәрігерлер шұғыл әрекет етіп, пациентке жаңа технологиямен ота жасауға кіріседі. Соның арқасында терінің ақауларын тез жауып, зақымданған саусақты қайта қалпына келтірді. Мұндай әдіс аталған ауруханада бұрын-соңды болмаған.
Бір сағатқа созылған ота сәтті аяқталады. Медицинадағы заманауи ем-домды меңгерген білікті мамандардың арқасында қауіптің беті қайтқан. Дәрігерлер науқастың саусақтары екі аптада толықтай жазылады деп отыр.
“Бірегей отаны жасау мүмкіндігі медициналық мекемеде травматология, ортопедия және нейрохирругия бөлімшесінің ашылуымен байланысты. Бұл – жоғары деңгейдегі дайындықты қажет ететін ота. Соған біздің дәрігерлер дайын болды”, – дейді аурухана директоры Айман Ракишева.
Науқастың туған-туыстары өз ісінің кәсіби шебері Ғалым Құмарбекұлы бастаған ақ халатты абзал жандарға алғыстарын арнады.
Қонаев қаласы